Түркістан облысы, Төлеби ауданында үшем дүниеге келді. Ленгір қаласының 36 жастағы тұрғыны Ақерке Сергебаева облыстық №1 периниталдық орталығында екі қыз бен бір ұл босанды. Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, осымен облыста жыл басынан бері екінші үшем дүниеге келді.

Жаңа туылған нәрестелерге Балжан, Мағжан, Тоғжан есімдері берілді. Мерзімінен ерте туылған үшемдер периниталдық орталық дәрігерлерінің бақылауына алынған. Медицина қызметкерлерінің көметімен сәбилер салмақ қосып, денсаулық жағдайлары жақсарған. Үшемдер перзентханадан шығуға әзір. Үшем дүние келген отбасының бір ұл мен үш қызы бар. Отағасы да, көпбалалы ананың өзі де мектепте жұмыс істейді.

«Қорқыныштар болды әрине. Алланың сыйына сансыз шүкір. Сәбилерімді бағып, күткен дәрігерлерге шексіз алғыс білдіремін», – дейді үшемнің анасы.

Жыл басынан бері Түркістан облысында 10 мыңнан астам сәби дүниеге келді.

 

QAINAR KÓZТүркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі