Шымкент жасыл желекке орана түспек. Қала тұрғындары тағы да ағаш отырғызуға кірісті. Көктем келе көшет егуді бұл жолы қаладағы «Шымкент темір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алды.
400-ден астам қызметкері бар мекеменің бірқатар мамандары Жасыл белдеуде бас қосып6 1000 түп қараағаш отырғызды.
400-ден астам қызметкері бар «Шымкент темір» жауапкершілігі серіктестігіндегілер қаладағы Жасыл белдеуге мың түп көшет әкелді. Бұған дейін де шаһар орталығына ағаш отырғызып жүрген серіктестік мамандары бұл жолы болашақ орман алқабын таңдаған. Және оның одан әрі жасыл желекке айналуына ат салысқымыз келді дейді. Айта кетейік, аталмыш алқап қаладағы жас көшеттерге бай орындардың бірі.
Әбдіжаппар ТАШТАЕВ, «Шымкент темір» ЖШС-інің еңбек және техника қауіпсіздігін қорғау бойынша бас техникалық басшы, эколог: «Тыс қалмай үлесімізді қосайық деп шешім қабылдадық. Қазығұрт ауданынан «Жасыл желек» деген жерден 1000 дана көшет алып келіп, осы жасыл белдеу қаланың шетінде белгіленген жерлерге ұжым болып шығып, ұжым қызметкерлерімен 1000 көшетімізді отырғызып жатырмыз».
Барлығы 20-дан астам қызметкер қараағаштың мың түбін егуге келген. Сөздерінше бұл тек мекеме мамандарының емес, қала бойынша қолға алынған акция. Шараны алдағы уақытта да жалғастырамыз деген шаһар жанашырлары көшеттердің желек жаюын да қадағалаймыз деп отыр.
Жантөре ЕРБОЛ, «Шымкент темір» ЖШС-інің қызметкері: «Қазіргі сәтте өзіміздің ұжыммен шығып, ағаш отырғызған басқа әсер береді екен. Сондықтан қаланың көркеюіне үлес қостық деп ойлаймын. Қазіргі отырғызып жатқан ағашымыз қарағаш. Арасында басқа түрлі ағаштар да бар-ау деп ойлаймын. Бірақ, негізінен қарағаш. Болашақта келеміз деп ойлаймыз. Бұл жер көгереді деп ойлаймыз.»
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы елімізде 2 млрд. ағаш отырғызуды тапсырған болатын. Енді міне мегаполис тұрғындары экологиямен күресуді біріге қолға алып отыр.
Назерке Үкібасова