Елімізде дене шынықтырудың 100 кешені салынуда. Осылай деген ведомства өкілі бүгінде Қазақстан бойынша спорттық нысандар саны 42 мыңнан асқанын айтады. Және 130 мың секция құрылып, онда 5 жарым млнға жуық азаматтың жаттығып жүргенін жеткізді.
Жалпы спортпен шұғылданатын қазақстандықтар қатары жыл санап артып келеді. Осылай деген мәдениет және спорт вице-министрі бүгінде 31 пайыз отандасымыздың салауатты өмір салтын ұстанып жүргенін де мәлімдеді.
Ерлан ҚОЖАҒАПАНОВ, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі: «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл уақыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Осы мақсатта стратегиялық жоспарға сәйкес, министрлік бұқаралық спортты одан әрі дамыту бойынша жұмыс жүргізуде. 2020 жылдың қорытындысы бойынша халықты дене шынықтырумен және спортпен қамту 31,6% қамтамасыз етілді, бұл республиканың дене шынықтыру-спорт қозғалысына 5,9 млн адамның қатысатынын куәландырады».
Осылай деген жауаптылар карантиннің спортқа тосқауыл болмағанын да алға тартып отыр. Сөздерінше 2020 жылы 1,5 млн адамның қатысуымен спорттық іс-шаралар өткізілген. Оның басым бөлігі мектеп оқушылары мен студенттер лигасы.
Назерке Үкібасова