Альпинистер Тянь-Шань қоңыр аюын көрді

315

Альпинистер Түркістан облысының тауларында тянь-шань ақ тырнақты аюын кездестірді. Олар «Медвежка» шыңын бағындыруды «Оңтүстік альпинизм» олимпиадасына арнапты. Шыңға көтеріліп келе жатып аюды көреді. Тәжірибелі таусүйерлер аюмен кездесуге дайын болыпты.

Руслан ОВЧИННИКОВ, альпинист: «Қорқыныш болмады. Егер қонжығымен бірге болса, жағдай басқаша өрбитін еді. Біз жеті адам болған соң ба қорықпадық. Аюмен арамызда 70-80 метр еді. Ол тоқтап, сосын солға бұрылды. Егер жүгірсе, жүгіретін еді».

Тянь Шань аюы – қоңыр аюлардың ең сирек кездесетін түрі. Тянь Шань мен Памир тауларында мекендейді. Салмағы 300 келіге жетеді. Басты ерекшелігі – тырнағы ақ түсті болады. Сондықтан да ақ тырнақты аю деп те атайды. Әлемде 5 мыңға жуық Тянь Шань қоңыр аюлары бар. Оның 1000 шақтысы Қазақстанда мекен етеді.

Шынар Оразова