Түркістандық шәкірттердің 124-і «Алтын белгіге» үміткер

204

Рухани астана Түркістан қаласындағы түлектерді шаһар әкімі Раши Аюпов құттықтады. Мұнда да соңғы қоңырау шарасында пандемияға байланысты санитарлық карантин ережелері сақталды. Ал жоғары сынып оқушыларына ешқандай сән-салтанатты мектеп бітіру кеші болмайтындығы тағы бір ескертілді.

Түркістандағы Ахмет Байтұрсынов атындағы №1 мектеп-лицейінде биыл 2 бітіруші сынып бар. Түлектердің жүзінен қимастық пен ерекше толқуды байқауға болады. Жаңа өмірге қадам басқан түлектерге қала әкімінің өзі ақ жол тіледі.

Рашид АЮПОВ, Түркістан қаласының әкімі: «Сіздерге тілейтінім тек қана сәттілік, мамандықты дұрыс таңдаңыздар. Сол мамандықтың нағыз кәсібиі  болуға тырысыңыздар. Өйткені, мамандықты таңдау деген- өмірді таңдау деген. Сіздерге мынау арнайы бүкіл әкімшілік болып келіп отқанымыздың себебі де сол. Сіздерге ақ жол тілеп, бүкіл жақсылықты тілеу».

Бітіруші түлектер іштегі толқыныстарын жасыра алмай, көз жастарына ерік берді. Олар алдағы болатын сынақтан сүрінбей өтіп, мектептің абыройын көтереміз дейді.

Түлек: Ұстаздарымызға мың алғысымызды айтамыз және де менің сыныптас достарым, сендерге алдағы уақытта тек қана сәттілік тілеймін. ҰБТ-дан жоғары нәтиже жинап, мектептің рейтингін көтеріп, өздеріңнің қалаған оқу орындарыңа түсіп, өздеріңнің мамандықтарыңның иесі болуға тілектеспін».

Айта кетейік, Түркістан қаласында жалпы 43 мектеп бар. Бітіруші түлектердің саны 2056, Олардың ішінде 1337 оқушы ҰБТ тапсыруға өтініш білдіріпті. Шәкірттердің 124-і «Алтын белгіге», 59-ы «Үздік аттестатқа» үміткер.