Шымкенттегі «Достық» тұрғын алабының жұрты саны бар, сапасы жоқ қоғамдық көліктен мезі болғанын айтады. Сөздерінше, аумаққа келетін №45 бағыттағы автобусты алып тастағалы тұрғындар амалсыз таксимен жүруге көшкен. Себебі жаңадан қойылған автобус бағыттары жолаушылар сұранысына мүлдем сай келмейді екен. Кесірінен ел автобустан автобусқа қатынап, болмаса көлік жалдауға тура келетінін айтады.
«№45 бағыттағы автобусты қайтарыңдар» деген бұл жұрт «Достық» тұрғын алабының тұрғындары. Сөздерінше, өздері сұрап жүріп жеткен қоғамдық көлік апта бұрын мұнда қатынауды тоқтатқан. Содан бері ел қала орталығына жетудің азапқа айналғанын айтады. Амалын іздеген ел такси ұстап, не автобустан автобусқа қатынауға көшкен. Алайда, оның қалтадан қағатыны тағы бар дейді.
Гүлнар ТӨЛЕБАЕВА, «Достық» тұрғын алабының тұрғыны: «Қазір 150-ге екі км-ден жаяу келе жатырмын. Өзім 2-топтағы мүгедекпін. 45-міз жақсы еді. Орталықта тұрып мына жаққа да, ана жаққа да өтетін едік. Риза едік. 5 минут сайын жүріп жататын. Тұрмайтынбыз аялдамада. Алып тастады. Қазір қиын болып жатыр. Ауысып жүріп жатырмын. Кешке қарай ол да жүрмей қалады. Таксимен жүру керек болады».
Тұрғындар сөзінше бағыты оңтайлы №45 автобус орнына екі жаңа маршурт қойылған. Алайда, оның елге пайдасы жоқ дейді. Бірі қала орталығына емес, керісінше саяжайға барса, екіншісінің жүру интервалы 40 минуттай екен.
Гүлнар СЕЙДОЛЛАҚЫЗЫ, «Достық» тұрғын алабының тұрғыны: «№52-ні қойдық дейді әкімқаралар. Оған 5 бала-шағаммен трассаға қалай шығамын. Мына жақта мүгедек балалары барлар қалай Алматы трассасына барып мінеді? Ол ақылға сыймайтын нәрсе ғой. Мақұл, екіні бердік дейді. Ол екіміз дачаға барады да «Бекжанның» алдындағы мешіттен қайтып келеді. Ол да тола. Оны 40 минут күтесің. Креслода отырған ағалардан сұрайтынымыз халық жағдайын ойласа №45-ті өзімізге қайтарып берсе екен дейміз».
Ал, ақ жағалылар болса, қойылған бағыттың жолаушылар сұранысына сай екеніне сенімді. Сөздерінше бәрі де жұрт талабымен жасалған. Ел өтінішін аяқ асты етпедік деген сала жауаптылары жұрттың жаңа бағытқа көнуіне тура келетінін айтады.
Наурыз СҮГІРАЛИЕВ, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы: «Бұрынғыдай болмайды. Қосымша Ю. Гагарин көшесіне де өтініштер болды. Бұл мәселе бойынша да сол «Достық» тұрғын алабының тұрғындарымен жолығып, түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. №45 бағыттың қозғалысы біраз оңтайландырылды. Одан бөлек «Достық» шағынауданына қосымша екі бағыттың жұмысы ұйымдастырылды».
Ал, «Достық» халқы болса, өтініші орындалмаған жағдайда әкімдікке жаппай барамыз деп бекініп отыр. Сөздерінше, жұрттың жалғыз тілегі аяқ асты қалмауы керек.
Назерке Үкібасова