Шымкент жүрек орталығының хирургтары 96 жастағы науқасқа күрделі кардиохирургиялық операция жасады. Отадан кейін денсаулығы жақсарған қарт кісіні қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Позилов Бақытжан мерекесімен құттықтап, ауруханаға арнайы барды.
Жүрегіне операция жасалған майдангер Атажанов Қадыр — ҰОС ардагері. Сұрапыл соғысқа 1942 жылдың соңында 17 жасында өз еркімен аттанған сарбаз жаяу әскерлер құрамында Батыс-Украина майданында шайқасқан. Соғыс аяқталғанымен, майдангер Қадыр Атажанов әскери қызметін Украинада жалғастырды, бандерашылармен күресті. 1948 жылы елге оралған ол көп ұзамай теміржолшы болып жұмысқа орналасады. 40 жыл еңбек етіп, абыроймен зейнеткерлікке шығады.
Айта кетейік, қария 7 мамыр күні қаладағы жүрек орталығының қабылдау бөліміне жедел жәрдем арқылы жеткізілген еді. Ауруханаға түскен 1925 жылғы науқастың өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер шұғыл түрде электрокардиостимулятор имплантациясы отасын жасады. Қазіргі таңда ардагердің жағдайы жақсы, орталықта емін жалғастыруда.