Несиеңді түгел жауып беремін деп, ақша алған алаяқ ұсталды

86

 

Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданады. Ер адамның айтуынша, ол өзінің сырттай танысына 1,5 миллион теңге несиесін жабу үшін 650 000 теңге көлемінде ақша берген. Ал алаяқ болса, жәбірленушіні қарызыңның жартысын берсең, түгел жауып беремін деп уәде беріп, сендірген. Алайда арада біршама уақыт өтсе де, не ақшасы қайтпай не қарызы жабылмағаннан соң, полицейлердің көмегіне жүгінеді.

Осыдан соң сақшылар күдіктіні табуға бағытталған жұмыстардың барлығын атқарды. Аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды. Куәгерлерден жауап алып, сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Осылайша тәртіп сақшылары атқарған жедел шаралардың нәтижесінде, алаяқтық жайтына қатысы бар Түркістан қаласының тұрғыны ұсталды. Ол жұмыссыз, бұрын алаяқтық жасап сотты болған жас жігіт болып шықты. Полицейлер күдіктіні Шымкент қаласынан жасырынған жерінен тауып, ҚПБ-ға жеткізді.

Белгілі болғандай, күдікті ер адам бұрынғы әдетіне басып, өз арам ойын іске асырған. Бірнеше жергілікті тұрғынды жолықтырып, оларды жалған уәдесімен қармағына түсіріп, ақшасын алып алады. Яғни алаяқ жас жігіттің бұл жайттан бөлек тағы 5 алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды.Бүгінде ұсталған күдікті қамауда. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктілердің саны мен оларға келтірілген шығын көлемі артуы мүмкін.

Облыс полицейлері тұрғындарға барынша қырағы болып, алаяқтарға алданбауға шақырады! Сондай-ақ есте сақтаңыз, сіз ешкімге жеке басыңызға қатысты мәліметті бермеңіз! Әрбір мәселені тек заң шеңберінде шешуге дағдыланыңыз! Алаяқтан абай болыңыз!

QAINAR KÓZТО ПД-ның баспасөз қызмет