Ордабасы ауданының әкімі тағайындалды

216

Түркістан облысы Ордабасы ауданында бүгін жаңа әкім тағайындалды. Президент Әкімшілігінің келісімімен, Ордабасы ауданының әкімі лауазымына ұсынылған Бағлан Батыршаевтың кандидатурасын аудандық мәслихат депутаттары бір ауыздан қолдады.

Бағлан Батыршаев 1976 жылы Ордабасы ауданында туылған. Білімі жоғары. 2011-2015 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болған. Ал жаңа қызметке тағайындалғанға дейін «Түркістан облысы әкімдігінің іс басқармасы» мекемесінің басшысы қызметін атқарған. Жаңа лауазымға ие болған әкімді қала активіне арнайы таныстырған аймақ басшысы Өмірзақ Естайұлы оның алдағы жұмысына сәттілік тілей отырып, абыройлы еңбек ететініне сенім білдірді.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Бұған дейін Ордабасы ауданының әкімі болып келген Нұрбол Тұрашбековтың мол тәжірибесін ескере отырып, басқа жауапты қызметке ауысуына байланысты атқарып отырған қызметінен босаттым. Бағлан Батыршаев – тәжірибесі мол, еңбекқор азамат. Аудан экономикасын көтеруге бар тәжірибесін, білімін, күш – жігерін жұмсайды деп сенемін».

Облыс әкімі Ордабасы ауданында жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығына инвестициялар мен озық технологиялар тартып, өндірілетін өнім көлемін арттыру бойынша жұмыстарды жүргізуді жүктеді.

Ең алдымен, аудан тұрғындарына барынша қолайлы тұрмыстық жағдайлар жасап, ауыл, елді мекендерді жайлы, қауіпсіз, таза да көрікті аумаққа айналдыруды тапсырды.

Камила Есенғали