Өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға арналған орталықта 100 — ге жуық адам құжатсыз жүр. Мамандардың айтуынша, жеке басын куәландыратын құжаттың болмауы олардың әлеуметтік қызметтерге қол жеткізуін қиындатып отыр. Тіпті, кейбірі аты-жөнін дұрыс жаза алмайды немесе айта алмайды. Бұл әжептеуір қолбайлау дейді. Құжаттандыру барысында қандай қиындықтар бар?
Қарлығаш Мұхамедиярова 70 жаста. Ол Орал қаласының тумасы. Қолында жеке басын куәландыратын бірде бір құжаты жоқ. Жасы жетсе де не зейнеткерлікке шыға алмай, не мүгедектігі бойынша әлеуметтік төлем ала алмай отыр. Бүгінге дейін жалдамалы жұмысшы болып, әркімнің қолында күнелткен. Енді, құжат алып, зейнеткерлікке шықсам дейді.
ҚАРЛЫҒАШ МҰХАМЕДИЯРОВА: «Мен осы орталыққа маусым айында келдім. Документ ол жақта жасата алмадым. Менен ақша сұрады. Ондай ақша жоқ. 100 мың сұрады. Мен есіттім осындай жай бар деп келдім. Осы жерде документ істеп жатыр. Неге документсіз қалдым. Фермаға жұмысқа кірдім. Ақсақ болып қалдым».
Бұл азаматша секілді орталықта 100 — ге жуық адам құжатсыз жүр. Олардың да, басым бөлігі жалғызбасты кезбеге айналған немесе тұрақты қолдаудан тыс қалғандар. Ал енді бірі, аты-жөнін дұрыстап айта алмайды немесе жазып та бере алмайды дейді. Сондықтан, жеке басын куәландыратын құжат алу рәсімі ұзаққа созылады.
ЕРЛАН ӘЛЖАНОВ, «ӨМІРЛІК ҚИЫН ЖАҒДАЙҒА ТҮСКЕН АДАМДАРДЫ ӘЛЕУМЕТТІК БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ» ДИРЕКТОРЫ: «Дұрыс айтпау, дұрыс жаза алмау да бар. Қазіргі таңда КСРО паспорты дейміз. Қызыл паспортпен жатқан қызмет алып жатқандар 54 азамат бар. Соларды құжаттандырумен жұмыс жасап жатырмыз. Одан бөлек, құжаттарын жоғалтқан адамдар бар. ҚР азаматы бола тұра».
Жалпы құжат алу процесі оңай көрінгенмен, туып өскен жері, білім алған мектебінен нақты ақпарат алу қиындық тудырады екен. Әсіресе, шетелдік азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізу қиын.
ЕРЛАН ӘЛЖАНОВ, «ӨМІРЛІК ҚИЫН ЖАҒДАЙҒА ТҮСКЕН АДАМДАРДЫ ӘЛЕУМЕТТІК БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ» ДИРЕКТОРЫ: «Ол жерде бір жерден іздемейді. Оларда құжаттардың түпнұсқасын іздейді. Бұрынғы тұрған жері, оқыған мектебін іздейді. Кейбіреуіне үш айға дейін, алты айға дейін жауап келуі мүмкін».
Айта кетейік, былтыр орталық мамандарының көмегімен 136 азаматтың құжат мәселесі шешілді. Жеке куәліктері қалпына келтіріліп, зейнетақы мен мүгедектік жәрдемақы рәсімдеу, үй кезегіне қою, медициналық ұйымдарға жолдау сынды қызметтер көрсетілді. Нәтижесінде 14 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал, қазіргі таңда орталықта 155 адам қызмет алады. Оның ішінде 50 ден астамы зейнетақы, әлеуметтік көмекпен қамтылған.
Нұргүл Жолымбетова



