Шымкентте қолдан жасалған алкогольден зардап шеккендердің саны артып барады

106

Шымкентте қолдан жасалған алкогольден зардап шеккендердің саны артып отыр. Мәселен, өткен жылы қалада 5 айда токсикология бөліміне ағзасында интоксикация белгілері бар 190 науқас жүгінсе, биыл олардың саны 300-ге жуықтайды. Ал 5 адам қайтыс болған.

Қазіргі таңда қалалық гипербарикалық оксигенация орталығында төрт науқас ем алуда, ал бір адам жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр.

Марат Какенов, Орынбаев атындағы гипербарикалық оксигенация орталығының токсиколог дәрігері:  «Біздің бөлімге 1 айдың ішінде 30-дан 50-ге дейін науқас түссе, олардың басым бөлігі этил спирт өнімінен уланғандар. Ішінде 5-6 адам ауыр жағдайда болады. Оларды реанимация бөліміне жатқызамыз. Науқастар жалпы уыттану салдарынан пайда болған панкреатит диагнозымен шағымданады. Салдарынан науқастың басы ауырып, жүрегі айнып, құсу симпомтамдары болады. Ал ауыр хәлде болса, қан қысымы төмендеп, экзотоксикалық шокта болады».

Биыл уыттану салдарынан ауруханаға түскен науқастардың саны артқан. Басты себептердің бірі, қолдан жасалған алкоголь өнімдерінің көбеюі. Жыл басынан бері қалада төрт цех жабылды. Онда коньяк пен арақ өндірілген. Заңсыз бизнеспен айналысушылардын 19 мың дана бөтелке алкоголь өнімі, 75 литр спирт және 13 тонна спирті бар сұйықтық тәркіленген.

Жұпар Мамутова, Шымкент қалалық Экономикалық тергеу департаментінің ресми өкілі:  » Үш факті бойынша ҚР КҚ-тің 223 бабының 2-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде».

Алкоголь өнімдерін қолдан жасаған кәсіпкер мемлекет қазынасына 4 миллион теңге төлеген. Сондай-ақ, одан барлық спирт пен өнімді құюға арналған техника тәркіленді. Әзірге оның контрафактілік өнімінен қанша адам зардап шеккені белгісіз.

Арақ немесе коньяк жапсырмасы бар бөтелкеге қандай сұйықтық құйылатыны белгісіз. Дегенмен құрамында метил, пропил, бутил, амил сынды сұйқтықтар болуы мүмкін.

Жедел тергеу жұмыстары жыл сайын күшейтілгенімен, мамандар алкогольді тек мамандандырылған дүкендерден сатып алуға кеңес береді.

Айта кетейік, алкогольді акцизді Wipon  қосымшасы арқылы тексеруге болады. Мұны тексеру үшін сізге тек бақылау маркасын сканерлеу қажет.

Камила Есенғали