Түркістан облысында Өзбекстан азаматы суға батып, көз жұмды

210

Түркістан облысында Өзбекстан азаматы суға батып кетіп, көз жұмды. Белгілі болғандай 33 жастағы жігіт Шардара су қоймасына демалуға барған екен.

Қайықпен жүрген оның суға қалай құлағаны әзірге белгісіз. Белгілісі құтқарушылар оның денесін бір сағаттан кейін ғана шығарып алған.

Қайғылы жағдай Түркістан облысындағы Шардара су қоймасында орын алған. 1988 жылы дүниеге келген Өзбекстан азаматы достарымен демалуға барған екен. Алайда демалыс соңы қайғылы оқиғамен аяқталды. Көрші елдің тумасы суға кетіп, құтқарушылар оның денесін тек бір сағаттан соң су ішінен шығарып алған.

Күні кеше Шардара ауданында орын алған қайғылы жағдай мұнымен бітпейді. Каналға түскен бір бала суға батып қайтыс болды. 10 жастағы жасөспірім шомылуға тыйым салынған орында түскі сағат үштер шамасында түскен екен. Бірақ, бойын сергітем деген ол сол күйі жүзіп шыға алмады. Оның денесін куәгерлер алып шыққан.

Жалпы жыл басынан бері Түркістан облысында 19 азамат суға кетіп бақилық болған. Оның 14-і балалар. Осылай деп дабыл қаққан төтеншеліктер өлім дерегінің өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп екенін айтады.