Түркістанда оқшаулау режимін бұзған азаматқа 87 500 теңге айыппұл салынды

192

Түркістан халықаралық әуежайында «қызыл» статусты азамат ұсталды. Үй карантиніне жатқызылған Түркістан қаласының тұрғынының оқшаулау режимін бұзғандығы анықталған. Оған 87 500 теңге айыппұл салынды. Қыдыруға асыққан азаматтың коронавирус жұқтырғандығы «Ашық» қосымшасы арқылы белгілі болған.

Ардақ Берденова, Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы: «Түркістан облысында 10 мен 15 маусым аралығында «Ашық» бағдарламасы арқылы «сары» белгідегі 4, «қызыл» статусты 2 жағдай тіркелді. Айыппұл салынған азаматтар 1 апта ішінде айыппұлдың 50 пайызын төлеуіне болады. Түркістан облысында «қызыл» белгісі анықталған 2 азаматтың біреуіне айыппұл салынды, екінші азаматқа әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр».

Оқшаулау режимін бұзған «қызыл» статус анықталған азаматтарға әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 802 бабы бойынша 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Әлихан Файызханов