VIP нөмірлерді сатудан қазынаға 44,4 млн. теңге түспеген

97
фото Inform.kz

Шымкентте VIP-нөмірлердің баж салығы мемлекет қазынасына түспегені анықталып, алаяқтық бабы бойынша тергеп-тексеру басталды. Бұған дейін мемлекеттік кірістер департаменті уәкілетті органға тексеру жүргізген.

148 көлік иесінің жоғары сұраныстағы мемлекеттік тіркеу нөмірін алғаны үшін төлейтін 44,4 млн теңгесі мемлекет қазынасына түспегені анықталған.

Шымкент қаласы прокуратурасының мәліметінше, бұл қитұрқы тірліктер 2018-2020 жылдары жасалған. Прокурорлар жалған құжаттар жасалуы мүмкін деген нұсқаны да қарастырып жатыр екен.

Қуаныш Әлібеков, 3-ші басқарманың аға прокуроры: «Анықталған фактілер бойынша қала прокуратурасы бүгінгі таңда ҚР ҚК 190 бабы 4 бөлігімен сотқа дейінгі тергеп тексеру басталды. Кірістер департаментімен анықталғаны жоғары ВИП нөмерлер дейді ғой. Олар бойынша 123 нөмердей бюджетке түспеген 44 млн. теңгеден астам. Бүгінгі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр. Кінәлі адамдар анықталып жатыр. Ақшаның қайда кеткені мәселесі тергеу барысында анықталады. Ол бойынша тағы қосымша баяндалатын болады».

Бұдан бөлек, 130 көлік иесінің механикалық көлік құралдарын бастапқы мемлекеттік тіркегеніне алынатын 123,2 млн теңге алымы бюджетке түспепті. Ел аумағына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат бергені, ұзартқаны үшін төленетін 155,1 теңге жеке табыс салығы да бюджетке жетпеген. Осылайша барлығы 320 млн. теңгеден астам қаржы мемлекет қазынасына түспей қалған.

Олжас Айдарбек