Шымкент аумағына құрамына Ордабасы, Төлеби, Сайрам аудандарынан енген елдімекендердегі тұрғындар осы күнге дейін тұрып жатқан үйлерін заңдастыра алмай әлек. Тиісті құжаттарды кезінде ала алмаған азаматтар енді қала әкімдігінің табалдырығын тоздырып жүр.
Түрғын:» Маған жер бер деп жатқан жоқпыз, тұрып жатқан жерімізді заңдастырып беріңіздер…».
Бұл тұрғындар қаланың іргесіндегі елдімекендерде тұрады. Кезінде Шымкент аумағы кеңейтілген кезде жақын орналасқан аудандардан бірқатар елдімекен қала территориясына өткен.
Алайда қараша халық әлі күнге дейін жер телімдері мен баспаналарын заңдастыра алмай жүр екен. Наразы топтың аманатын билікке жеткізіп, шешілуіне ықпал жасауға әрекет етуді көздеген белсенділер енді қалалық мәслихаттан көмек сұрады.
Оңғар Кенжеев, «Шаңырақ» шағынауданындағы қоғамдық бірлестіктің төрағасы: «Кезінде Сайрам әкімдігі 5 жылға арендаға жер берген ішінде мүгедектер бар, жағдайы жоқ отбасылар, аналарымыз бар. Комиссия олардың құжаттарын қарамай , қайтарып жатыр. Біз кімге барып шағымымызды айтамыз…».
Өткен аптада әкімдіктегі жауаптылардың қабылдауында болып, мәселелерін дүйсенбіде қарастыру жөнінде уәде алған тұрғындар көрме орталығы алдында жиналды. Сала маманы шағымданғандарды арыздары бойынша жеке қабылдауға дайын еді, алайда наразы топтың белсенділері кездесуден бас тартты.
Бұл жолы азаматтардың шағымын Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов тыңдады. Тұрғындардың басты талаптарының бірі жер комиссиясын тарату, қаладағы бас заңгерді қызметінен босату болып отыр.
Айтуларынша, олардың мұндай пікіріне талай жылдан бері шырылдап келген мәселелерінің әлі күнге дейін шешімін таппауы себеп көрінеді.
Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы:»3-5 жыл шешімін таппаған мәселе бір күнде шешілмейді. Қазір мына Берік құжаттарыңызды көріп шығады кеңес береді. Ойымды жеткізейін, қала әкімдігі де мәслихатта сіздерді шырылдатып үйлеріңізден қуайын деп жатқан жоқ. Заң шеңберінде заңдастырып беруге ықпал етуде. Жер қатынастарында да мамандар заңды аттап кете алмайды. Олар сотты болғысы келмейді. Барлығын ақылдасып шешеміз».
Кездесу барысында тұрғындардың түйткілі жіті тыңдалды. Біріне кеңес берілсе, қалғандары алдағы күндері сала жауаптыларының қабылдауында болмақ.
«Егер де маслихаттың шешімі қажет болса, біз депутаттар шетте қалмай, шешіп беруге кепілдік беремін деп уәде берді Бахадыр Нарымбетов .
Шынар Оразова