Кентауда грантқа таласқан әйелдер әкімдік алдында төбелес шығарды

150
фото КТК

Грант үшін төбелес. Кентауда әйелдер әкімдік алдында қырғын салды. Төбелестің туындауына шенеуніктердің ақшаны әділ бөлмегені себеп болған. Кәсіпкерлер палатасынан арнайы курс оқып, бизнеске бір мәрте берілетін қайтарымсыз қаржыны атқамінерлер тамыр-танысы мен қалталыларға беріпті-міс, деп хабарлайды КТК арнасы.

«583 мың теңгенің грантын алу үшін жұмыспен қамту бөлімінің басшысына 50 мың теңге беру керек», — дейді жиналғандар. «Қайтарымсыз ақшаны әділ жолмен ала алмадық» дегендер мен сол қаржыға қарық болғандар ақыры әкімдік алдында жаға жыртысты. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан бизнес-бастауды үйрететін курс оқып, сол арқылы мемлекеттен бір жолғы берілетін қайтарымсыз қаржыны ала алмай қалған әйелдер қала әкімдігіне келген. Бірақ шенеуніктер шықпаған соң, ашулы топ ғимаратты басып кірмек болып, күзетшілерден ары өте алған жоқ.

— Ешкім еріккеннен келіп тұрған жоқ! Әділдік керек! Шықсын!

Шулағандардың екпінінен қорыққан болу керек, шенеуніктер шығып, әйелдерді ішке кіргізбекші болған еді, бірақ қырсыққан топ жиналысты сыртта жасасын деген талап қойды. Әйелдердің сөзінше, бизнес-бастау үшін берілетін 583 мың теңге тым әділетсіз бөлініпті. Шын мұқтаждар шетте қалып, жарты миллион теңге қалталыларға берілді дейді.

Әйгерім Нұржанова, Кентау қаласының тұрғыны: «35 грантты тек бизнесі, жағдайы, үйі бар адамдар ұтып алған. Мына біз сияқты мұқтаж адамдар, менің жолдасым мүгедек, балам мүгедек, пәтерден пәтерге көшіп жүрміз, үйіміз жоқ. Бақытжан ағай соны біліп тұрып, там менің құжатымды қарамаған. Тек өз таныстарына беріп жатыр дегенді естіп жатырмыз».

Жиналғандар қаланың жұмыспен қамту бөлімінде былық көп дейді. Мәселен, бөлімдегілер бұл кісінің құжатын былықтырып, салдарынан гранттан қағылыпты. Ал сол грантты қалаған адамға бөлетін шенеуніктің өзі тізімге кіргізу үшін ақша сұрады дейді ашулы топ.

Ақжарқын Жауынбаева, Кентау қаласының тұрғыны: «Өзімізден жеке шығып 50 мың теңгеден сұрады. Бақытжан Айтбаевтан әділдік сұрап, үкіметтен қайта аламыз ба десек, біздің өзімізден 50 мың теңгеден бересіздер ме деп сұрады».

— 50 мың теңге берсеңіздер не болады сонда?

— Бізге 583 мың қайтарымсыз грантты береді.

— Кім сұрады?

— Айтбаев Бақытжан сұрады.

Гранттан қағылған топ шенеуніктермен сөйлесіп тұрғанда қайтарымсыз ақшаны алғандар да келе қалды. Олар «бәрі әділ өтті» деп шулаған еді. Бірте-бірте дауысы күшейіп, ақыры ақша алғандар мен дымсыз қалған әйелдер жұдырықтасып тынды.

Біраз уақытқа созылған төбелестен бет тырналып, қан шықты. Шаш жұлысқан әйелдерді маңындағылар әзер жүріп ажыратып алды. Ақша ала алмай жүргендер қос топтың ашуына шенеуніктер кінәлі дейді. Бірақ атқамінерлер «бәрі әділ бөлінді» дегеннен танбай отыр.

Бақытжан Айтбаев, Кентау қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы: «Мысалы, ережеде қалталы азаматтарға берілмесін деген сөз жоқ. Екіншіден, оны біз барынша әділ қарадық. Бірінші – атаулы көмек алатын тұрмысы төмен отбасыға, көп балалы отбасыға. Мен ешкімнен ақша сұраған жоқпын. Жала жауып жатыр».

«Жала жапты» деген бөлім басшысы енді өзіне қатысты айтқан әйелдерді сотқа бермекші. Ал шенеуніктің кесірінен гранттан қағылдық деген топ жұмыспен қамту бөлімінің мамандарынан бастап басшысына дейін тексерсін деп, прокуратура, жемқорлыққа күрес органдары мен облыс әкіміне дейін шағым түсірмекші.