Күйеуінің өлімін әділ тергеуді талап етіп жүр

119

Шымкентте үш баланың анасы әділдік іздеп, шарқ ұрып жүр. Өткен наурыз айында Юлия Макарованың күйеуі жоғалып кетті. Ер адам Алматыдан Шымкентке қатынайтын автобусқа мінген. Денесі бір айдан кейін Түркістан облысындағы жол жиегінен табылды.

Зорлық-зомбылық белгілері жоқ, бірақ мәйіт әбден бүлініпті. Не киімі, не құжаты, не телефоны болмаған. Айтпақшы, ұялы телефоны автобус жүргізушісінен табылыпты.

Жан жарынан айырылып, қан жұтқан жесір әйел күйеуін жол шетіне қалдырған адамды тауып, әділдік орнатуды сұрайды. Ол үш ай бұрын күйеуін жер қойнына тапсырды. Михаилді жабық табытқа салып, жерледі. Өйткені мәйіт Түркістан облысындағы жол шетінде бір айға жуық уақыт жатып қалған. 19 наурыз күні кешкісін Алматыдан Шымкентке қатынайтын автобусқа мінген отағасы ертеңіне үйіне жете алмады.

Юлия Макарова, марқұмның әйелі: «Оның денесін 17 сәуірде Түлкібас ауданындағы Т.Рысқұлов пен Састөбе ауылдарының аралығындағы жол бойынан тапты. Маған хабарласып, мәйітті анықтағандарын хабарлап, «күйеуіңізді таптық» деді. Бірден саусақ іздері арқылы анықтағандарын айтты. Әкімдік жұмысшылары жол бойында қоқысты жинап жүріп, белгісіз ер адамның денесін тауып алған екен».

Сот-медициналық сараптама көрсеткендей, ер адамның денесінде пышақ жарақаты жоқ, алайда мәйіт әбден бүлінгені себепті мұны анықтау мүмкін емес. Мәйітті елдімекеннен алыс қашықтағы егістіктен тауыпты. Сол кезде қатты аяз болса да үстінде сырт киімі болмаған. Құжаты мен ұялы телефоны да табылмады. Юлия күйеуі жол үстінде өзін нашар сезінген болуы мүмкін деп болжап отыр. Әйткенмен жолда өзі автобустан түсіп қалуы мүмкін емес дейді.

Юлия Макарова, марқұмның әйелі: «Егер Ванновкадан түсіп қалса, сол жақтағы достарына баратын еді. Жолай көлік ұстап мінетін еді. Картасында ақшасы болатын. Хабарласуға да мүмкіндік табар еді. Ал мұнда олар ешқандай сұраққа жауап бермей отыр. Мүмкін автобус жүргізушісі жауапкершіліктен қорыққан шығар. Тым болмаса жедел жәрдем шақырғанында болар еді. Меніңше, оны сол жерге лақтырып, өлім аузында қалдырып кеткен».

Сөйте тұра, ер адамның телефоны мәйітінен бір апта бұрын табылған. Ұялы телефон сол автобус жүргізушісінде болып шықты. Юлияның айтуынша, ол полицияға Михаил есінде жоғын айтып, сендірген. SIM-картасыз, флэш-картасыз, толықтай тазартылған телефонды марқұмның әйеліне беріп, жүргізушіні босатыпты.

Юлия Макарова, марқұмның әйелі: «Маған прокуратурада оның ісін, сараптама фотосуреттерін, барлық дерегін көрсетті. Жүргізуші туралы ешбір дерек жоқ, тіпті телефон туралы да жоқ, Мүмкін, ол ақша төлеп қойған шығар».

Түркістан облысының полиция департаменті жүргізуші жайынан хабардар екен. Алайда құқық қорғау органының қызметкерлері сұхбат беруден бас тартты. Олар хабарлағандай, автобустағы телефонынды жүргізуші тауып алмаған.

Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен: Шымкент қаласының тұрғыны автобуспен үйіне қайтып, жолда Түлкібас ауданынан түсіп қалған. Біраз уақыттан кейін жолаушылардың бірі салонда ер адам қалдырған ұялы телефонды тауып алып, табылған затты автобус жүргізушісіне берген. Ол полицияға өткізген», деп жауап айтты.

Марқұмның әйелі айтқандай, тергеушілер үш айдан бері қол қусырып отыр. Істі жабуға тырысқан екен, бірақ Юлия қайта бастауды талап етіп, тұрып алған. Алайда, әйелдің сөзінше, тергеуді сол бұрынғы тергеуші жүргізіп жатыр. Ол әділет орнап, сол күні кешке күйеуіне нақты не болғанын анықтағысы келеді. Михаилдың артында кәмелет жасына толмаған үш баласы қалды.