Министр: «Жанар-жағармай бағасын үкімет реттемейді»

117

Қазақстанда жанармай мен жағармай отынының 20-25 күндік қоры бар. Бұл туралы Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев есеп беру кездесуінде мәлімдеді. Яғни, бұл елде тұтыну мөлшерін есептегенде 230-250 мың тоннаны құрайды.

Сондай-ақ, министр соңғы кездері жанар-жағармай бағасының өсу себебін түсіндірді. Айтуынша, нарықтың бір қалыпты болмауына мұнай өңдеу зауытындағы кемшіліктер әсер етуі мүмкін. Статистикалық деректерге сүйенсек, жанармай бағасы өткен жылдың наурыз айынан бастап бүгінгі күнге дейін 10-12 пайызға өскен.
Нұрлан Ноғаев, ҚР Энергетика министрі: «Жанар-жағармайдың бағасының өсуі бұл мұнай өңдеу зауыттарының қалыпты жұмыс істемеуі салдары деп те айтуға болады.  2016 жылдан бастап жанар-жағармайдың бағасын үкімет реттемейді. Бұл нарықтағы ұсыныс пен сұраныстың негізінде қалыптасатын жағдай».

Министр Қазақстанның Беларусь Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу мәселесі күздің соңына қарай шешілуі тиіс екенін де тілге тиек етті. Қыркүйек айында ведомство тиісті құжатты Парламент қарауына ұсынғаннан кейін мұнайды сату жоспары мен көлемі анықталады дейді.

Мөлдір Ибадуллаева