Қазақстандағы ландшафтарды қалпына келтіру жобасы қаржыландырылады

87

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев пен Халықаралық Қайта құру және даму банкінің тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто Қазақстандағы ландшафтарды қалпына келтіру жобасын қаржыландыру туралы келісімге қол қойды.

«Жоба орман шаруашылығын дамыту мәселелерін қозғайды, фермерлермен және жергілікті қоғамдастықтармен тозған жерлерді орман өсіру арқылы қалпына келтіру жұмыстарын көздейді. Оның аясында Қызылорда облысындағы Арал теңізінің құрғатылған түбіндегі 300 мың га мемлекеттік орман қоры жерлері картаға түсіріледі, қосымша 50 мың га орман өсіру үшін жобалау-іздестіру жұмыстары жүреді. Қызылорда және Түркістан облыстарында 100 мың га алқапта есепке алынбаған ормандар түгенделеді. Қызылорда облысының Қазалы орман мекемесінде жыл сайынғы өнімділігі 4 млн. дана сексеуілге жететін, көшет алаңы 33 га болатын орман тәлімбағы құрылады. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы айналасында 3 мың га болатын Жасыл аймақ құрылады», — деп түсіндірді ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.

Сонымен бірге, Щучинск қаласындағы «Республикалық орман селекциялық-тұқым өсіру орталығы» РМҚК базасында орман тұқымдарының генетикалық банкі құрылады. Жамбыл облысының Қосқұдық орман мекемесі және Қызылорда облысының Қазалы орман мекемесі үшін Орман шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алу шаралары қарастырылған.

«Бұл жобаны іске асыру республиканың орманын арттыруға, Қызылорда және Жамбыл облыстарының орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ықпал етеді деп күтілуде. Өз кезегінде Қызылорда қаласының айналасында жасыл аймақ құру желдің теріс әсерін, жердің тозуын азайтады және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартады. Жалпы, аталған барлық шаралар Мемлекет басшысының 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында орман шаруашылығы жұмыстарын сапалы жүргізуге мүмкіндік береді», — дейді комитет.

Шынар Оразова