Тұрғын үй сертификатының қаражаты жинақ шотқа аударылады

196

Шымкент қаласында тұрғын үй сертификатын беру бойынша өтінімі мақұлданған азаматтарға қаражат банктің жинақтау шотына аударылады. Аталған қызмет бойынша бірқатар азаматтар өз өтінімдерінде банктің мақұлдау туралы хабарлама хатында көрсетілген жинақтау шотын емес, өзінің банктік жеке шотын көрсеткен.

Азаматтардың тұрғын үй сертификатына жіберген өтінімі талаптар мен шарттарға сәйкес келіп мақұлданған жағдайда, тұрғын үй сертификатының қаражаты банктің мақұлдау туралы хабарлама хатында көрсетілген жинақтау шотына аударылады. Сол себепті басқарма мамандары www.kezekte.kz интернет порталы арқылы тұрғын үй сертификатына өтінім жіберу барысында банк деректемелері қатарын толтырғанда өте мұқият болуды сұранады.

Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдау 26 шілде күні басталған болатын. Қазіргі таңда бұл қызмет бойынша жалпы саны 312 азамат өтінім жіберген. Оның ішінде 51 азамат өз өтінімін қайтарып алса, 180 азаматтың өтінімі тұрғын үй сертификатын алудың талаптарына сәйкес келмегендіктен және құжаттарын толық тапсырмағандықтан бас тартылған. Ал 64 өтінім қазіргі таңда басқарма мамандарымен қаралуда. 17 азаматтың өтінімі мақұлданып, тұрғын үй сертификатының иегері атанды. Тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдау жалғасуда.