Ата-анасы екпе алмаған оқушылар қандай форматта оқиды?

111

Шымкентте биыл арнайы тізімге енген балаларға мектеп формасы үшін бір реттік ақшалай көмек беріледі. Ол үшін бюджеттен 1,5 млрд теңге қаралған.

Алайда, міндетті түрде формада болу керек деген талап жоқ. Оқушыларға білім ұясына классикалық ыңғайлы киімде де келуге рұқсат етіліп отыр. Ал, егер дәстүрлі форматта оқу кезінде баланың бірінен қауіпті індет анықталса, онда бүкіл сынып 14 күнге карантинге шығады.

Осы ретте білім басқармасындағылар,ата-аналардан оқушылардың қауіпсіздігі үшін вакцина алуды сұрап отыр. Ал әзірге әке-шешесі вакцина алмаған баланың қандай форматта оқитынын нақтыланбапты.

Шымкентте жаңа оқу жылында 57 466 оқушыға мектеп формасы үшін бір реттік қаржылай көмек беріледі. Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл тізімге атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы отбасының және басқа да санаттағы балалар кіреді. Қаланың бас ұстазы жаңа оқу жылында оқушыларға білім ұясына классикалық стильдегі ыңғайлы киіммен келуге рұқсат дейді.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Бір реттік формаға бөлінген қаржының көлемі 1,5 млрд теңге. 30 мың теңгеден әр ата-анаға берілуде. Оның 17 мың теңгесі мектеп формасының ақшасы, 13 мың теңгесі мектепке қажет заттар алуға».

Білім ұйымдары бір сынып – бір кабинет талаптарымен жұмыс істейтін болады. Күнделікті термометрия , кварцтау, желдету, дезинфекция және маска режимі сақталады. Алайда, шәкірттен коронавирус анықталса, бүкіл 14 сынып қашықтан оқытуға жіберіледі.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы:» Байланыста кімдер болды оларда сол шектеуге барады. Соған байланыста, егер сыныпта немесе мектептің мына бөлек-бөлек бөліктермен оқиды ғой. Бастауыш сыныптың оқушысы болатын болса, оның қасындағы жақын кабинеттердегі араласқанда да уақытша 14 күнге онлайн форматқа көшіріледі. Бүгінгі күні осы мектеп ұймдарында онлайн көшуге де, оқытуға да дайынбыз. Бірақ бүгінгі күні 1 қыркүйекте дәстүрлі форматта білім беру жүйесінде бастайтын боламыз».

1 қырқүйектен бастап оқушылар дәстүрлі форматта оқиды деген Шымкенттің бас ұстазының айтуынша, баласын онлайн оқытамын деген ата-аналарға ондай мүмкіндік қарастырылмағанын алға тартты. Ал ата-анасы вакцина салдырмаған оқушылардың қандай форматта оқитыны әзірге нақты белгісіз екен.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Ата-аналарда балаларын мектепке жіберуі үшін вакцинадан өтуі керек. Бала қауіпсіз ортаға келеді. Біз бүгінгі күні қанша бала, қанша оның отбасында 18 жастан асқан аға-әпкелері бар екенін. Оның қаншасының әке-шешесі вакцинадан өткен-өтпегені туралы мәліметтер жинақтадық. Алдағы уақытта бұл бойынша қандай шешім қабылданатынын көреміз. Шешім қабылданса сол бойынша жұмыс жүргіземіз.
– Ата-аналары вакцина алмаған оқушылар кіргізілмей ме мектепке?
– Әзірге ондай тапсырма келіп түскен жоқ».

Үшінші мегаполисте 758 білім ұйымы 100 пайыз «АШЫҚ» жобасына қосылған. Жанат Тәжиеваның сөзінше, медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда, педагогтар мен техникалық персоналдар 100 пайыз екпе салдырған. Ал вакцина алмаған қызметкерлер індет жұқтырмағаны туралы тест нәтижесін көрсету арқылы ғана жұмысына кіріседі.

Олжас Айдарбек