7 шаруашылыққа мемлекеттің қаржысын қайтару міндеттелді

216

Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында шаруа қожалықтарын инвестициялық субсидиялау аясында алынған субсидияларды қайтару мәселесі бойынша кездесу өтті.

Өндірістік жылыжаймен айналысатын қожалықтар арнайы шотқа түскен 1,8 млрд қаржыны қайтару міндеттелсе , банкротқа ұшыраймыз деп отыр.

Кездесуді ұйымдастыруға, кәсіпкерлер палатасына 7 шаруа қожалықтан түскен ұжымдық өтініш негіз болған.

Кәсіпкерлердің мүддесін қорғаушылардың айтуынша онда прокуратураның ағымдағы жылы шілдеде берген ұсынысы негізінде арнайы шотқа аванстық төлем тетігін қолдана отырып, инвестициялық субсидиялауға берілген өтінімдер негізінде табысталған субсидияларды қайтару міндеттелген. Оның көлемі 1,8 млрд теңгені құрайды.
Мырзахмет Снабаев, Жылыжай және бағбандар қауымдастығының төрағасы: «Инвестициялық субсидияны  мемлекет береді өзі алады.  Оны шаруашылықтар қолында да ұстамаған. Ол қаражат  несиені жабуға арнайы есепшотқа кетті.Мұндай қыруар қаржыны шаруашылықтар қайтара алмайды, қайтарса, банкрот болады».

Субсидияларды төлеу талаптары, ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бектіліген инвестициялық салымдар кезінде, агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығындардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларымен регламенттелген.
Абунасыр Жанбатыров, Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары: «Шарушалықтарға субсидияны қайтару бойынша хабарлама жолдаған болатынбыз. Олардан қаражатты қайтармаймыз деген жауап алған соң , тамыздың 16-на  Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына ағымдағы жылы субсидияларды мемлекеттік бюджетке қайтару туралы   талап арыз жолдадық».

Айта кететін жәйт, субсидия, өндірістік жылыжайға жабдықтарды сатып алуға бөлінеді. Шаруашылықтар субсидияға өтінім бергенде Қолдау жүйесінде «жабдықты субсидиялау» функциясын таңдау мүмкіндігі жоқ екендігін алға тартуда.

Субсидияны қайтару жөнінде мемлекеттік аудиторлар өз қорытындысын берген.  Кәсіпкерлер палатасындағылар 7 шаруашылықты қолдап, қажет болса сотта мүддесін қорғауға дайын екендіктерін жеткізді.

Шынар Оразова