«Қуатжылуорталық-3″МКК: Инвестбағдарламадағы жұмыстар орындалуда

267

Шымкент жылу маусымына сақадай сай. Бұл Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен шаһарды жылумен қамтитын «Қуатжылуорталығы -3» МКК ұйымдастырған баспасөз-турында мәлім болды.

Жылуберушілер 2017-2021 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламадағы биылға жоспарлаған шараларды толық орындап шықты.

Табиғи монополиялар субъектісі инвестициялық бағдарламаны орындауға міндетті. 2017-2021 жылдарға 5 жылдық тарифтік мерзімінде «Қуатжылуорталық -3» МКК инвестициялық бағдарламасына 528 млн. теңге бөлінген. Сол қаражаттың арқасында мекеме 27 шақырымнан аса жылу жүйелерін жөндепті.

2015-2017 жылдар аралығында мемлекет тарапынан «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша мекемеге бөлінген 3,5 млрд. қаражатқа қосымша 20 шақырымға жуық магистралдық жүйелері жөнделген — дейді сала мамандары.
Айсұлу Әлібекова, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу Комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары: «Инвестициялық  бағдарламалардың орындалуы  1-шіден мекеменің тозығы жеткен негізгі құралдары 42 пайыздан-37 пайызға төмендеген. Одан бөлек, жылу жүйелерінің шығыны, жылудың шығыны. Ол мысалы 26 пайыздан 24 пайызға төмендеген, ол өте жақсы көрсеткіш. Авариялар, апатты жағдайлар 127 — ден 67-ге дейін төмендеген. Қосымша айтып кетеміз, бұл өте жақсы көрсеткіш».

«Қуатжылуорталығы -3» мекемесі инвестициялық бағдарлама бойынша ағымдағы жылға ескірген жылу жүйелерін жаңалауға 110,35 млн. теңге бөлген. Бұл қаражатқа қала аумағындағы 15 нүктеде тозығы жеткен магистралды және ішкі орам құбырлар жаңаланды.
Пердебай Сәбитов, «Қуатжылуорталық-3» МКК директоры: «Халықтың алдына шығып отырмыз. 2021 жылғы инвестициялық бағдарлама бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап, жылу маусымына дайындығымыз бойынша есеп берудеміз. Ауыстырылып жатқан құбырлар  инвестбағдарлама бойынша  бөлінген  қаржыны  игеру жұмыстары жүріп жатыр. 1-ші қазаннан бастап бұл құбырларды сумен толтыру жұмыстары жүргізіледі».

«Қуатжылуорталығы-3» мекемесі шаһардағы 74 мыңнан астам тұтынушыны жылумен қамтып отыр. 3-Энергоорталығынан 1854 көпқабатты үй орталықтандырылған жүйеден жылу алса, 11 қазандықтың 6-нан «Нұрсәт», «Тұран», «Нұрсити», «Ньюсити» шағынаудандары мен «Тұрлан» экпедициясындағы жаңа үйлер жылу масумында автоматты түрде қосылады.

Айсұлу Әлібекова, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу Комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары: «2021 жылдың 1-ші қазанынан «3-Энергоорталық» мекемесінің жылу энергиясының өндіру қызметін төмендеткен болатынбыз, 4,59 пайызға. Соның салдарынан «Қуатжылуорталығы-3″ кәсіпорны жылу энергиясын беру қызметі 2.54 пайызға төмендеді. 1-ші қазаннан бастап   жылу беру маусымын мекеме  төмендеген тарифпен атқарады».

Шынар Оразова