Түркістан облысы, Шардара қаласында сексенге тарта көпқабатты үйдің тұрғындары жылдар бойы пеш жағып келеді. Жаздың күні қауіптілігіне қарамастан газ баллонын пайдаланады. Өткен жылы құбыр тартылып халықты қуантқанымен қаржының жоқтығынан жоба жүзеге аспай қалған көрінеді.
Шардарағы көпқабатты үй тұрғындары жылдар бойы газ балонын тұтынып келеді. Қауіпті болса да амалдың жоқтығынан баллон арқылы ас-ауқатын дайындайды. Ал, қыста баспаналарын пешпен жылытады. Аудан шалғай болғандықтан көмірдің бағасы да екі есе аспандап тұр.
Гауһар Айнабекова, Шардара қаласының тұрғыны: «Біреулері газ балонмен жылытады қыс ауасында. Біреулер көмір тасиды. Жарықпен отырғандар бар. 30 мың теңгеден көмір алып жатырмыз, жарықтың бағасы көтеріліп жатыр. 22 теңгеден болып жатыр. Өзім төртінші этажда тұрамын, қиналып жатырмын».
Бүгінде шағын шаһарда 75 көпқабатты үй бар. Барлығы осындай күй кешіп отыр. Қаланың мөлтекаудандарына былтыр газ құбыры тартыла бастағанымен көгілдір отын әлі жоқ дейді ашынған тұрғындар.
Қызжар Сапарбаева, Шардара қаласының тұрғыны: «Не суымыз жоқ, не газымыз жоқ. Не бала ойнататын орнымыз жоқ, білмеймін бұл басшылар қайда қарап отырғанын. Шыдаңыздар істейміз деп айтқан, әлі жоқ. Хабар жоқ».
Нұрхан Шыңғысбек, «ҚАЗТРАНСГАЗ АЙМАҚ» АҚ Шардара аудандық филиалының директоры: «Мұнайбаза, Бекет, Сол жағалау үш мөлтекауданға газ берген болатынбыз. Мердігер мекеме биылғы жылдың аяғына дейін жұмыстарын толыққанды бітірсе, сонымен қатар құжаттарын «Қазтрансгазға» тапсырса, біз биылғы жылы газ қосып береміз».
Мұхтархан Өтенов, Шардара аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы: «Республикалық бюджеттен 300 млн. теңге қаржы қаралып, газ құбырлары желілері тартылды. Келесі жылға нысан өтпелі болып отыр. Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан және аудан әкімі тарапынан бюджеттік өтінім республикалық бюджетке жолдадық. Бүгінгі таңда хабарын күтіп отырмыз».
Облыс орталығынан шалғай орналасқан ауданның табиғи газға қосылғанына тоғыз жыл. Қазір аудандағы 25 елдімекеннің 8-і көгілдір отын тұтынып отыр. Алдағы екі жылда Шардара қаласын толық газбен қамту көзделген дейді сала жауаптылары.
Мөлдір Ибадуллаева