Түркістан облысында агроөнеркәсіп саласына 30 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылды. Бұл туралы аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткізілген лездемелік мәжілістің күн тәртібінде айтылды.
Осы бағытта жұмыс істеп жатқан Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш және Бәйдібек аудандары көш бастап тұр. Инвестицияның басым бөлігі тамақ өндірісіне бағытталып отыр.
Нұрбек Бадырақов, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: «Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 67 млрд. теңгеге артып, 405 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығында 26 млрд. теңге, мал шаруашылығында 38 млрд. теңгеге. Дегенмен, масақты дәнді-дақылдардың өнімділігі өткен жылмен салыстырған төмендеуіне байланысты жалпы көлем индексі өсімдік шаруашылығында 90 пайыз, мал шаруашылығында 103 пайыз болып, жалпы орташа 98 пайызды құрады».
Өңірде 18 мақта зауытында 206 мақта қабылдау бекеті бар. Онда шитті мақтаның 1 келісін 250 теңгеден қабылдап жатыр. Шаруалар әр гектардан орта есеппен 30-35 центнерден өніп алып, 500 мың теңгеге дейін пайда таппақ. Жоспар бойынша 250 мың тонна шитті мақта жинау жоспарланып отыр.
Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Биыл мақтаның өнімі жақсы, бағасы да жақсы. Шаруаларымыздың табысының артатыны қуантады. Оның үстіне биыл егістік алқаптарымыз да бұрын болмаған ағын сумен қамтамасыз етілді».
Әлихан Файзханов