«Әлеуметтік әмиян» не үшін керек?

65

«Әлеуметтік әмиянға» әлеуметтік төлемдер аударылады. Ондай әмиян азаматтардың жеке сәйкестендіру нөмірлері негізінде ашылады.

Премьер-министр Асқар Мамин цифрландыру жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Жиында «әлеуметтік әмиян» жобасы да қаралды. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, «әлеуметтік әмиянға» әлеуметтік төлемдер аударылады.

Ал ақша электронды түрде болады. Ондай әмиян азаматтардың жеке сәйкестендіру нөмірлері негізінде ашылады. Осы бастама әзірше пилоттық жоба үлгісінде қолға алынады. Бүгінде инфрақұрылым да анықталды. Пилоттық жобаны ұлттық банктің жылдам аударымдар жүйесі негізінде сынап көреді.

«Бұл жоба халықты әлеуметтік қолдау құралдарын жетілдіруге және төлемдерді алушылардың есебіне проактивті түрде аудару мүмкіндігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – дейді министр.

Пилоттық жоба 2021 жылы желтоқсанда басталады. Ал 2022 жылы өнеркәсіптік пайдалануға беріледі. 2023-2024 жылдары «әлеуметтік әмиян» Ұлттық тауар өткізу жүйесімен біріктіріледі.

Шынар Оразова