Файзер вакцинасы елімізде жуық арада жеткізіледі. Осылай деген Премьер-Министр орынбасарының баспасөз хатшысы Ержан Байтанаев оны жүкті әйелдер мен балаларға ұсынылатынын айтты.
Сөзінше, жасөспірімдерге екпе тек ата-ананың рұқсатымен салынады. Сонымен қатар, вакцинаны қабылдамаған жағдайда баланы қоғамдық ортадан шеттету сынды жайттар орын алмайды деп сендірді.
Ержан Байтанаев, ҚР Премьер-Министр орынбасарының баспасөз хатшысы: «Балаларға вакцина тек қана заңды түрде ата-анасының қолхатымен салынады. Не болмаса қараушысының қолхатымен. Бас тартқан жағдайда ол балаға ешқандай мәжбүрлеу, кемсіту, мектепке кіргізбеу фактілері болмайды».
Сондай-ақ, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі келер жылы барлық екпе түрлерін салдыру ақылы болуы мүмкін екенін айтты. Маман сөзінше, тек «КазВак» вакцинасы тегін болады. Әлемде мойындалып келе жатқан қазақстандық екпенің қолжетімді болуы отандық өнімді қолдау мақсатында екені айтылды.
Әлихан Файзханов