Несиені төлей алмағандарға жеңілдік жасау керек

79

Несиесін төлей алмағандарға  жеңілдік жасау керек. Мәжіліс депутаттары осындай бастама көтеріп, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сауал жолдады.

Айтуларынша, қазір халық банкке белшеден қарызға батып жатыр. Кейбірі табысынан айырылып, тіптен қиын жағдайда қалған. Сол үшін де Алматыдағы секілді қайғылы оқиғалар орын алады дейді депутат.

«Сондықтан ипотекалық несиені ғана емес, қаржы ұйымы алдындағы кез-келген қарызын 90 күннен артық төлей алмағандарға, өсімпұл есептеуді доғару керек»,- дейді.

Бұл онсыз да қаржылық қиындыққа тап болған адамды қинай түседі дейді  мәжілісмендер. Айтуларынша былтыр берешегін бере алмай қалған клиенттерден ақша, көлік немесе жылжымайтын мүлікті тартып алуға қатысты 185 мың іс банктердің пайдасына шешілген.

Осы ретте мәжілісмендер кепілге қойылған мүлікті тартып алғанның орнына, клиенттердің өздері соны сатып, қарызын жабатындай жағдай жасау керек деп отыр.

Шынар Оразова