Түркістандық полицей өз-өзіне қол жұмсамақ болған әйелді аман алып қалды. Теміржол көпірінен секіруге оқталған әйелдің видеосы әлеуметтік желіде таралып кеткен болатын. Онда әйелді тәртіп сақшысы жедел әрекет ету арқылы құтқарғанын байқауға болады. Оның кім екенін анықтау жұмысы барысында жергілікті полиция қызметі басқармасы Патрульдік қызметін ұйымдастыру тобының аға инспекторы Бауыржан Тұрлыбекұлы Саржанов екені белгілі болды.
Бауыржан Саржанов, Жергілікті полиция қызметі басқармасы Патрульдік қызметін ұйымдастыру тобының аға инспекторы: «Қызмет бабымен түстен кейінгі уақытта қаладағы екі мөлтек ауданның арасын жалғап тұрған үлкен темір жол көпірінің аумағында жүрген болатынмын. Шамамен сағат 15:20 өткен еді, құлағыма алыстан құтқарыңыздар деген дауыс естілді. Дауыс шыққан жаққа қарасам теміржолдың үстінен өткен көпірдің жиегінде адам ілініп тұр екен. Көпірден секірмекке ұмтылып тұрған әйел болып көрінді. Бірден тұра ұмтылдым. 10 минутта шығатын көпірге 20 секундта жеттім. Себебі бар ойым әлгі әйелді құтқарып қалу болды. Қасына жеткенде әлгі әйелді жібермей құшақтап, секірмес үшін жылап тұрған тағы бір орта жастағы қызды байқадым. Қыздың жалғыз өзі құтқаруға шамасы келмей тұрғаны көрініп тұр. Менде әлгі әйелді қатты құшақтап алып артқа қарай тартып, көпірдің жиегінен өзіме қарай түсіріп алдым. Ол әйел біраз айқайлап, жіберуімді сұрады. Бірақ менің басты мақсатым азаматтардың қауіпсіздігі болған соң, азаматшаға мұндай қадамға барудың қауіпті екенін, отбасын ойлау керектігін айтып, біраз әңгімелесіп, көпірдің баспалдағынан дін аман қауіпсіз орынға дейін түсірдім. Содан соң 102-ге хабарласып, әріптестеріме әйелді тапсырдым».