Түркістан: «Бөрте» пьесасының премьерасы аншлагпен өтті

131

9 қазанда Түркістан музыкалық драма театрында белгілі «Бөрте» спектаклінің премьерасы өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен өнер және мәдениет майталмандары, зиялы қауым өкілдері және Түркістан қаласының өнерсүйер қауымы қатысты.

Жаңа театрдың алғашқы маусымының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы қатысып, жұртшылықты құттықтады. Түркістанды түркі әлемінің мәдени және рухани орталығына айналдыру жолында театрдың да маңызы зор екенін айтып, өнер ұжымының қадамына сәттілік тіледі.

Премьераға арнайы келген «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те шынайы лебізін білдіріп, Елбасы Жарлығымен жаңа дәуірі басталған Түркістандағы өзгерістерге оң бағасын берді.

Драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабековтың «Бөрте» спектаклінде тарихи оқиғалар керемет суреттелген. Ұлы билеуші Шыңғысханның жары Бөрте ханым туралы қойылымда ардақты, батыр ананың ел тарихындағы орны көрсетілген. Жаңа театрдың алғашқы қойылымының режиссері Италия маманы Карло Шаккалуга бұл қадамға үлкен дайындықпен келген екен. Әртістердің киімдері, сахнаның безендірілуі өте жоғары деңгейде болды. Рөлдерді сомдаған Қазақстанның халық әртісі Алмахан Кенжебекова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Лейло Бекзанар-Ханинга, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алихан Ыдрышева, Еркебұлан Дайыров, Ақбота Қаймақбаева, Нұркен Өтеуілов, Айя Шәріп және өзге де актерлар жоғары деңгейде өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.

Премьера соңында Түркістан музыкалық драма театрының директоры Айнұр Көпбасарова Түркістан жұртшылығы мен қонақтарына жоғары деңгейлі қойылымдар легі ұсынылатынын жеткізді. Ал «Бөрте» шығармасының авторы Дулат Исабеков жас театрдың ұжымына ризашыллығын білдірді.

Шыңғысхан мен Бөртенің бала кезінен бастап, ұлы тарихи оқиғаларға араласу сәттерінен сыр шертетін спектакльге көрермен қауым оң бағасын берді.

QAINAR KÓZТүркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі