Әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға мемлекет қандай көмек көрсетеді?

152

Қазақстанда әлеуметтік жағынан әлсіз топтарды қолдау үшін біршама шешім қабылданды. Осылай деген Мемлекет басшысы кез-келген өзгеріс халқымыздың тұрмысын жақсарту үшін жасалып жатқанын жеткізді. Бүгінде Ұлттық коғамдық сенім кеңесі бастамаларын жүзеге асыру үшін 90-нан астам нормативтік-құқықтық акт қабылданыпты.

Биыл әлеуметтік жағынан әлсіз топтарды қолдайтын бірқатар шешім қабылданды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде мәлімдеді. Ел Президенті осы жылдан бастап жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік берілгенін, оны жылжымайтын мүлік сатып алуға, ипотекалық несиені өтеуге және емделуге жұмсауға болатын еске салды.

Бүгінде жарты миллионнан астам азамат зейнетақы жинағын қажетіне жаратқан. Сондай-ақ, биыл алғаш рет көп балалы, мүгедек баласы бар және толық емес отбасылардың балаларына білім гранты берілген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Биыл көп балалы, мүгедек баласы бар және толық емес отбасыларда өскен 5 мыңнан астам жеткіншек тегін оқуға мүмкіндік алды. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға білім беру үшін бөлінетін қаржы да екі есе ұлғайды. Қазір бір балаға 730 мың теңгеден астам қаражат бөлінеді».

Сондай-ақ мемлекет басшысы білім беру орындарындағы қауіпсіздік сақтау мәселесі өзекті екенін жеткізді. Олардың күзет агенттігімен бір жылға емес бірден үш жылға келісімшартқа отырғаны тиімді деген Тоқаев заңнамаға өзгеріс енгізу керек деді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы грант бөлу мәселесіне де арнайы тоқталды. Алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыстың ашық болуын қамтамасыз ету үшін қаржы тікелей грант иесіне берілуі тиіс дейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Қаржы тікелей грант иесіне берілуге тиіс, яғни студент оқу ақысын өзі төлеуі керек. Бұл – қаражат студенттің арнайы есеп-шотына түседі деген сөз. Оны тек оқу ақысын төлеуге жұмсау керек. Бұл тәсіл жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу саласында бәсекелестікті арттырады. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыстың ашық болуын қамтамасыз етеді. Білім сапасын жақсартып, студенттердің жауапкершілігін арттырады. Үкімет бұл шешімді жүзеге асыру жолдарын мұқият ойластыруы керек».

Айта кетейік, бүгінге дейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамаларын жүзеге асыру үшін 90-нан астам нормативтік-құқықтық акт қабылданған.

Мөлдір Ибадуллаева