Өкпесін дұрыс емдемегендерге өкпелі

93

Қалалық ауруханалардың бірінде кеудесіне ота жасатқан науқас 8 ай бойы ауруханада жатыр. Қызына ешқандай ем жасалмай жатқанын айтып шағымданған ана өздері емдесе, тым құрығанда басқа қалаға жіберсе екен дейді. ДәрІгердің салғырттығынан болған жағдайдың мән-жайын тілшіміз тарқатып айтады.

Шымкент қаласындағы №1 клиникалық ауруханасында өкпесіне ота жасатқан Әсел Кукуанованың анасы қызының 8 айдан бері ауруханда ешқандай ем алмай, босқа жатқанын айтып шағымданды. Әлі күнге дейін жарасының беті жабылмағанын айтып шырылдаған ана, «қызым ақ халаттылардың салғырттығынан осындай халге түсті» дейді.

Әсем Қадырова, науқастың анасы: «Қызым сәуір айында ауырып, біз №2 қалалық емханаға түстік. Сол жерде емеделіп, олар операция жасау керек өкпеде киста бар деді. Ол кистаны алу үшін №1 клиникалық емханаға жіберді порталменен.  Сонымен бізге Шалабаев Айдар деген кісі ота жасаймыз деді. 20 минут қана, азғантай іріңі бар, соны алып тастаймыз деді. Ешқандай қорқыныш жоқ деген соң, жарайды деп келісім бердім. 1:00 20 минут дегені 4 сағатқа созылған».

Алайда бір отамен бойжеткен аяққа тұрып кете қоймапты. Анасының сөзінше ол, одан кейін де бірнеше рет ауруханаға түскен. Ауруханамен екі ортада сенделіп жүргенде тіпті тіккен жара да ашылып кеткен көрінеді.

Әсем Қадырова, науқастың анасы: «Температурасы көтеріліп қайтадан ауруханаға түсті, тіккен жарасы ашылып кеткен деді, 14 күн емделіп шыққан, бірақ қайтадан ауруханаға түсті. Сөйтіп жүргенде инфекция түскен. Қызымның халі нашар, 8 ай болды ішінен ірің ағып тұр. Өмір мен өлімнің арасында».

24 жасар бойжеткен қазір туберкулезге қарсы диспансерде жатыр. Айтуынша, оған ешқандай ем-шара қолданылып жатқан жоқ. Анасы қызымен хабарласқанда оның шығарып алуын өтініп, тіпті өмір сүргісі келмейтінін айтатынын жеткізді.

Әсел Кукуанова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мама, мен шыққым келеді ауруханадан. Шаршап кеттім, мені алып кетіңізші. Жатқаныма біраз болды ғой, мені шығарып алыңызшы, мама, шаршап кеттім».

Әсем Қадырова қалалық дәрігерлер емдеу қолынан келмесе, ең құрығанда көмектесе алатын орындарға жіберсе дейді. Күйінген ана бұлай жалғаса берсе бір күні қызымнан айырылып қаламын ба деп қорқатынын жасырмады.

Әсем Қадырова, науқастың анасы: «Алматы, Астанаға жібер деп жатырмын. Жіберіңіздер қолдарыңыздан келмесе басқа жаққа».

Аталған оқиға туралы №1 клиникалық аурухана басшылығынан сұрағанымызда ота науқастың ауыр жағдайын есепке алып жасалғанын алға тартты. Кері жағдайда ауруы асқынып кету қаупі бар еді дейді мамандар.

Нұржан Естемесов, №1 клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары міндетін атқарушы: «Өкпенің оң жақ бөлігінің кистасының іріңдеуімен және оң жақты пневматоргс деген диагнозбен келіп түскен болатын. Ол қызға операция жасалған, іріңі тазаланды, кистасы алынды».

Ал ота жасаған дәрігердің науқасты дұрыс тексермегенін басшылық та мойындап отыр.

Нұржан Естемесов, №1 клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары міндетін атқарушы: «Бұл мәселе бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің эксперт комиссиясы болды. Тексеру жүргізілген. Кінәлі адамдар жазасын алды. Дәрігерімізге қатаң сөгіс жарияланды. Егер қажет болатын болса, порталмен Алматы немесе Астанаға квотамен жіберуге келесі этапта ем қабылдауға көмек береміз».

Сонынмен қатар, аурухана басшылығы науқастың алдағы уақытта денсаулығын қадағалап, келесі аптадан бастап Алматы немес Нұр-Сұлтан қалаларының біріне емдеуге жіберетіндеріне сендірді. Бойжеткенге ота жасаған Айдар Шалабаев енді науқастың квотасын дайындап, тіпті керек болса шығындарын да көтеремін деп отыр.

Айта кетейік, аталған дәрігер Шымкент қаласындағы жалғыз кеуде хирургы екен. Егер, берген уәделері орындалмаса, қыздың анасы дәрігерлердің барлығын сотқа беремін деп отыр.

Гүлдана Дәурен