Сарыағаш ауданында 17 жасар қызды зорлаған 17 еркек әлі күнге дейін бостандықта жүр. Сорақысы сол, жәбірленуші өзіне зорлық жасаған тұлғаларды жазбай танып, атын атап, түсін түстесе де бүгінде құқық қорғау органдары ешбір шара көрмей отырған көрінеді. Сол оқиғадан кейін бірнеше рет өзіне қол жұмсамақ болған жәбірленуші мен анасы, тілшілерге сұхбат берді.
САРЫАҒАШТА 17 ЖАСАР ҚЫЗДЫ 17 ЕРКЕК ЗОРЛАҒАН ЗКТ:
Соңғы қоңырауға қамданған Дилноза бітіру кешіне киім алмақ болады. Алайда базардан қайтар жолда таксиге отырған оны жүргізуші алдымен жолай бір жерге соғып, сосын үйіне апаратынын айтып, бағытты мүлдем өзгертіп жібереді. Қыздың айтуынша, сол сәтте шөл қысқандықтан такси жүргізушісі оған су берген. Бірақ, сол суды ішкен бойжеткен есінен танып, өзен бойында жалаңаш күйде ояндым дейді.
Дилноза, жәбірленуші: «Бірінші судың алдында зорлады. Кейін бір үйге апарды. Үйде зорлады, балалар шақырды сол жақта да. Кейін бауға апарды. Звондап шақырып беріп жібереді. Тағы сөйтіп звондап шақыра береді. «Кел, мына жақта қыз бар» деп айтады. Сөйтіп келеді олар, көреді, жұмысын бітіреді кетеді. Шапалақпен ұрды, кетсең өлтіріп суға тастап кетеміз деді, іздеп те таба алмайды деді».
4 күн бойы хабар-ошарсыз кеткен бойжеткенді алғашында анасы алып қашқан шығар деп ойлайды. Қызды полицейлер тауып әкелген кезде ғана зорланғанын білдім дейді. Бірден құқық қорғау органына арыз жазғанымен, кейіннен шағымын қайтып алады. Өйткені, күдікті азаматтар анасына жалпы 8 млн. теңге ақша беріп, қызыңды оқуға түсіреміз деп уәдені үйіп төккен. Мұны анасы жасырмаймын дейді. Бірақ, кешірімді алған соң бұзақы жігіттер ұшты күйлі жоқ болып кеткен. Қыздың анасы олардың үстінен қайта арыз түсіреді, бірақ содан бері бірнеше ай өтсе де, істе алда жылжу мүлдем жоқ. Тіпті полицейлер бұл істі жылы жабуға тырысты дейді қыздың анасы.
Сановар, жәбірленушінің анасы: «Менің ойымша ақша алып қойғанда, жоқ енді ақша алмаса, мен келсем Бақытжан ағай, неге өйтіп айтады. Сен 5 млн. алдың ғой енді, тыныш жүр дейді. Күдігім сол барлығының тілі бір».
Бұған дейін осы іс бойынша бірнеше рет сараптама тағайындалған. Бірақ, жәбірленушінің қорғаушысы қыз кәмелетке толмағандықтан, ештеңені ашып айта алмайтынын, алайда істің басынан ақ дұрыс жүргізілмегенін айтады.
Асылбек Қабылов, адвокат: «Кәмелет жасына толмаған қыз болғаннан кейін, қыздың ісі болғандықтан, көп нәрсені ашық айта алмаймын. Енді тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін осыны айтамыз».
Әуел баста анасы, қызымды ұрлады деп шағым түсірсе, қазіргі таңда қылмыстық іс зорлау бабы бойынша қозғалып жатыр. Оны енді Сарыағаш ауданы емес, облыстық полиция департаменті жүргізеді.
Салтанат Қарагөзова, Түркістан облыстық ПД баспасөз хатшысы: «Түркістан облысы полиция департаменті тергеу басқармасымен қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бірнеше сараптамалар тағайындалған. Қорытындысы бойынша, нақты процедуралық шешім қабылданатын болады».
Сараптамаға қажет болған қыздың киімдерін анасы өртеп жіберген. Өйткені, бойжеткен күйзеліске ұшырап, бірнеше рет өз өзіне қол салмақ болған соң амалсыздан жасағанын айтады анасы. Айтпақшы, іс насырға шабатынын сезген 17 жігіттің кейбірі «арызыңды қайтып ал», деп бүгінде қызға құда түсіп жатқан көрінеді.
Әлихан Файзханов