Úı ANONS Екінші тарап: «Еркінен тыс алып қашып, зорлады» дегені — жала»

Екінші тарап: «Еркінен тыс алып қашып, зорлады» дегені — жала»

«Еркінен тыс алып қашып, зорлады», алып қашқан жігітті танымаймын деген 17 жастағы қыздың шағымы бойынша жаңа деректер пайда болды. Күдіктінің анасы қыздың сөзін жоққа шығарды. «Жәбірленушінің айтқаны — жала» деген ол, «Отырар» телеарнасының тілшісіне оқиғаның жай-жапсарын баяндап берді.

Шымкентте 17 жастағы қыздың «еркінен тыс алып қашып, зорлады» деген шағымы бойынша жаңа деректер айтылды. Қамауға алынған 25 жастағы жігіттің анасы оның сөзін жоққа шығарды. Айтуынша, жігіт отбасындағы 7 баланың тұңғышы. Өткен жылы 6-қараша күні ұлы келін алып келетінін айтқан соң дайындалған. Туысқандары мен көрші-қолаң, дос-жарандарын шақырған. Кеш батқанда баласы мен оның достары келін әкелген. Екеуі тойда танысып, сөйлесіп жүрген. «Бөтен емес, құдашамыз. Жігітті танымаймын, өмірімде көрген жоқпын», «зорлады» дегені жалған» дейді, ол ашынып.

Зулфия Елібаева қыздың үйге келіп, орамал жабуға қарсылық білдіргенін жоққа шығармайды. Қыздан бұл әрекетін сұрағанда, «Көліктен үндемей түссем жұрт не дейді?» деген көрінеді. «Өз еркіммен келдім» деген соң ғана алып қалдық дейді ол.

Содан кейін құлағына сырға, қолына жүзік таққан. Тілхат жазып, 1,5 млн. теңге қалыңмалын беріп, хабаршы жіберген. Артынан аға-жеңгелері, әпкесі келіп қызбен бетпе-бет сөйлескен, артынан қуғыншылар келген.

Десе де жаңа түскен келін 10 желтоқсан күні таңда ешкімге ләм-мим демей үйден кетіп қалған. Телефон соққанда, тұтқаны көтермеген. Жігіт оқуына, үйіне барып, таппаған. Кейін құрбыларымен бірге пәтерде екенін білген. Зульфия Елібаева келінімді жамандыққа қимаймын деп отыр.

6 қаңтарда полиция жігітті іздеп үйіне келген. Полицияға қолындағы бар деректі ұсынған. Тәртіп сақшылары мән-жайды білген соң оны үйіне қайтарған. Әйткенмен, әлеуметтік желіде шағымданып, жұрт шулаған соң іс қайта қаралған. Қазір іс Қылмыстық кодекстің «Адам ұрлау» бабымен тергеліп жатыр.

Өткен аптаның соңында Әлеуметтік желіде өзін 17 жастамын деп таныстырған Шымкент қаласының тұрғыны өзін Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны еркінен тыс алып қашқанын айтып, шағымданды. Артынан полиция күдіктінің қамауға алынғанын хабарлаған еді.

Дилара Иса