Сайрамдықтар жеңімпаз спортшыларға ат мінгізді

84

Сайрам ауданының әкімі Уласбек Сәдібекұлы ауданның, облыстың намысын әлемдік додада жоғары дәрежеде қорғап, елдің ықыласына бөленген спортшыларға құрмет көрсетіп, алғысын білдірді.

Олар: бокстан Белград және Мәскеу, сондай-ақ каратэ-до-шотоканнан Стамбул қалаларында өткен Әлем чемпионаттарында еліміздің атынан қатысып, кәсіби жоғары дайындықтарын көрсеткен Сәкен Бибосынов, Абзал Иманәліұлы және Маржан Бауыржанқызы. Әлемдік додаларда алтын медальға қол жеткізіп, ел мерейін үстем еткен үш спортшы да Сайрамдық мықтылар.

«Сіздердің бұл жеңістеріңіз – Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған нағыз тарту, нағыз ерлік деуге болады. Өздеріңіздей жастарымыз барда біз әрқашан биіктей бермекпіз. Жоғары жетістіктеріңізбен бүкіл елге қуаныш сыйладыңыздар. Тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне қажырлы еңбектеріңізді және спорт саласында әлі де талай биік шыңдарды бағындырып, кәсіби шеберліктеріңізді әрі қарай жалғастыратындарыңызға сенімдімін. Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін», – деді аудан әкімі өз сөзінде. Сондай-ақ, осы салтанатты басқосуда аудан басшылығы спортшыларды баптаған жаттықтырушыларына, олардың қажырлы еңбегіне ерекше тоқталды. «Сіздердей талапты өрендерді спортқа кәсіби тұрғыдан тәрбиелеп, жаттықтырған Қадірбек Садықұлы Қуатбеков, Игорь Сергеевич Пилин, Роман Ордалыұлы Сәрсеқұлов, Мырзағали Айтжанов және басқа бапкерлеріңіздің қосқан еңбектері айрықша. Бұл жеңіс – осы азаматтардың жеңісі! Спорт саласындағы қол жеткізген жоғары жетістіктеріңіз бен жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруы жолында қосқан елеулі үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін»,-деді.

Ұласбек Сәдібекұлы Сәкен Бибосыновтың Токио олимпиадасынан кейінгі әлемдік сында сағы сынбай мықтылық танытып, Мемлекеттік туды көкте желбіреткен боксшының шаршы алаңдағы техникасы мен жігерлілігіне тәнті болғанын айтып, 2024 жылы Францияда өтетін олимп ойындарында өзінен зор үміт күтетінін білдірді.
Сол сияқты Абзал мен Маржанның алар асуы алда екеніне сенім артатынын айтып, әрқайсысына Сайрамдықтар әрқашан қолдау білдіретінін жүрекжарды лебіздерімен жеткізді. Аудан атынан үш жеңімпазға да ат мінгізіп, «биіктен түспеңдер!» деп шынайы ықыласпен сыйын тарту етті. Маржан Бауыржанқызына теледидар қоса сыйлады. Бұл құттықтауларға аудандық мәслихат депутаттары Марат Дәлбеков, Ғанишер Райымқұлов, аудандық мәслихаттың хатшысы Шамхат Розақұловтар қосылып, батырларға құрмет көрсету шарасын ұйымдастырған-ды.

Әнұранымызды әуелетіп, көк туымызды көкке көтерер ұлдар мен қыздар көп болғай!

QAINAR KÓZСайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі