Шымкент: Автокөліктер қысқа дайын ба?

69

Шымкентке алғашқы қар түсіп, көлік жүргізушілерінің біразы абдырап қалды. Темір тұлпар тізгіндегендер көлік дөңгелегін ауыстыратын орталықтарға қарай сабылуда. Сәйкесінше, айтулы жұмыспен айналысатын орталықтардың саудасы қызып тұр.

Қалаға алғашқы қар түскен соң, көлік қозғалысы біршама қиындады. Себебі, көптеген көлік жүргізушілері дөңгелектерін қысқыға ауыстырмаған. Суық күнде далада қалуды ешкім қаламайды, әрине. Дегенмен, қыстың қамын жаз ойламай жайбарақат жүргендер көп көрінеді. Ертерек қамданбағандардың қатарында Руслан Жанпейісов те бар. «Қысқы дөңгелекке ауысудың сәті түспеді, қар жауған соң амалдың жоғынан келдік» дейді сатып алушы.

Руслан Жанпейісов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Дөңгелекті ауыстыруға бүгін келіп отырған себебім, бұған дейін ыңғайы келмеді. Енді, сәті бүгінге түсіп келіп отырмын. Оның үстіне бүгін қар жауып кетті, ауыстырмауға болмайды. Бағалар мен үшін тиімді, қымбаттамаған. Дегенмен, баға барлық кезде қолжетімді емес, әрине. Мен сағат 17:30-ға жазылғанмын, қазір күтіп отырмын».

Дөңгелек ауыстыратын орталықтардың алдында көліктер ұзын-сонар кезекте тұр. Жүргізушілер бірінен соң бірі келіп, көлік дөңгелектерін ауыстыруда. Ал сол жерде жұмыс істейтін мамандардың сөзінше орталыққа күніне 20-30 адам келсе, бүгін келушілер саны 3 есеге дейін көбейген.

Күмісбек Кескінбай, шина монтаждау орталығының маманы: «Бүгін адам күнделіктіден көп, биыл шиномонтаж былтырғыға қарағанда кеш басталды. Күніне 25-30 машина істейтін едік, бүгін адам, машина саны көп. Бүгін кезек үлкен бізде. Бүгін адамдар ауыстырмай жүріп, бүгін қардың жаууына байланысты машиналар көбейіп келіп жатыр. Бір машинаны 25-30 минутта істеп шығарамыз».

Орталыққа көлік дөңгелектері Ресей, Польша, Жапониядан әкелінетін көрінеді. Ал бағасы түріне, көлеміне қарап өзгереді. Дегенмен сатушылар, ақ қар көк мұзда көлік жүргізушілері қиналып қалмас үшін қар жауғанына қарамастан бағаны қымбаттатпайтынын айтады.

Ислам Тайев, сатушы: «Қазір қар жауған кезде адамдар көп болып кетті. Бағалар размерге айырмашылығы бар. Бағалар қымбаттаған жоқ, бағалар осы қалды, қымбат болмады. Бір күнде 30-40 адам келеді.  Бүгін 100 адам келді азаннан бастап».

Аязды күндер әлі алда, ал апатты жағдайдың алдын алу үшін көлікке тыңғылықты тексеру жүргізіп, дөңгелектерін ауыстырған жөн. Сондай-ақ, көлік жүргізушілеріне ескертетін жайт – егер көлік дөңгелектерін 1 желтоқсанға дейін ауыстырмаса, 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Гүлдана Дәурен