Студенттер мен оқытушыларға жақсы жағдай жасалуда

77

Үкімет отырысында жоғары білім беру сапасын арттыру мәселесі қаралды. Жиында баяндама жасаған ҚР Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша бұл бағытта қарқынды жұмыс жүргізілуде. Бүгінде шәкіртке білім беретін ұстаздар қағазбастылықтан арылып, білім беру сапасы сын көтермейтін ЖОО  жабылып жатыр екен.

Елімізде соңғы жылдары гранттар саны екі есеге өскен. Бұл туралы ҚР Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов үкімет отырысында мәлімдеді. Айтуынша 2025 жылға қарай 75 мыңға жуық студент мемлекет қаржысына білім алады екен. Сондай-ақ алдағы уақытта шәкіртақы көлемі де едәуір жоғарылайтын көрінеді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және Ғылым министрі: «Мемлекет басшысы тапсырмасының аясында студенттердің стипендиясы да екі есеге жуық өсіп, 2025 жылға қарай олардың стипендиясы тағы 2 есеге, ал магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,5 есеге артады».

Елдің бас ұстазы оқытушылардың жалақысы да 2 есеге жоғарылағанын тілге тиек етті. Бір ставкаға минималды түрде – 200 мың теңге, ғылым кандидатына – 260 мың теңге, ғылым докторына – 350 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін жалақы төлеу бойынша шешім қабылданыпты.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және Ғылым министрі: «Үлкен оқу жүктемесі мен қағазбасылық педагогтерді сабаққа толыққанды дайындалуға қиындық туғызғаны белгілі. Сондықтан, педагогикалық жүктемені 800-1000 сағаттан 680 сағатқа дейін азайтып, есептілік нысандары да 35%-ға қысқарттық. Бұл шара да педагогтерге сапалы білім беру мен ғылыммен айналысуға мүмкіндік берері сөзсіз».

Бүгінде білім сапасын арттыру мақсатында мемлекеттік бақылау күшейтілген. Министрдің айтуынша тексеріс жүргізу нәтижесінде 15 сапасыз білім беретін университет жабылыпты. Тағы 4 жоғары оқу орнын жабу бойынша соттың шешімі қабылданып, енді апелляция жүріп жатыр екен.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және Ғылым министрі: «Бұған қоса, тағы 61 университеттің 400 сапасыз білім беретін мамандықтары бойынша лицензиялары қайтып алынды. Студенттері басқа оқу орындарына ауыстырылды. Мысалы, мұғалімдерді бұның алдында 86 университет дайындаса, және сапасы бойынша көп сұрақтар туындаса, енді педагогтерді тек 50 оқу орыны ғана дайындайды».

Министрдің баяндамасын тыңдаған үкімет басшысы Асқар Мамин 20 мықты өңірлік жоғары оқу орындарын құру бойынша қаржыландыру мәселесін пысықтауды және Петропавл мен Шымкентте «Назарбаев университеті» үлгісінде екі жоғары оқу орнын ашуды тапсырды.

Мөлдір Ибадуллаева