Өңір эпидемиологтары жұқпалы аурулардың алдын-алуға бағытталған санитариялық ағарту жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Жыл басынан бері 17 ауданға қарасты басқарма мамандары медициналық мекемелер мен білім беру ұйымдары және тұрғындар арасында 500-ден астам түсіндіру жұмыстарын жасаған.
Нәтижесінде вирусты гепатитке шалдығушылар санының азайғаны байқалады. Мәселен облыс бойынша 2020 жылдың 10 айында жіті вирусты гепатит жұқтырудың 10 жағдайы анықталса, ағымдағы жылдың сәйкес мерзімінде 7 аурушаңдық тіркеліп, 3 жағдайға азайды.
Вирусты гепатиттің түрлері мен оларды жұқтыру көздері өте көп. Аурулардың басым бөлігінде инфекция тұрмыстық жағдайда жеке бас гигиеналық талаптарын сақтамау салдарынан пайда болады.
Сонымен бірге адамдардың тері және сілемей қабаттарын бұза отырып жасалатын әр түрлі қызметтерге жүгінуі нәтижесінде де жұқтыруы ықтимал. Сондықтан медициналық мекемелер мен стоматология, тырнақ, татуаж жасайтын сән салондары, косметологиялық кабинеттер азаматтарға қызмет көрсету кезінде санитариялық тазалықты қатаң сақтап, құрал-саймандарға дұрыс өңдеу (дезинфекция, стерилизация) жұмыстарын жүргізуі керек.
Эпидемиологтар мен санитариялық дәрігерлер көзге көрінбейтін жұқпалы аурулардан барынша сақтанып, өз денсаулығыңызға үлкен ұқыптылықпен қарауға шақырады.