Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру 20 есеге өсті

92

Қазақстанда күн өткен сайын эпидахуал ушығып барады. Соңғы тәулікте дәрігерлер вирус жұқтырған 13,5 мың науқасты анықтаған. Мамандар, елде омикронның жаңа штаммы белсенді түрде тарап жатқанын, сондай-ақ ол бұрынғыдан бірнеше есе жұқпалы екенін ескертеді. Күні кеше қаламызда 450 адамның ауырып қалғаны белгілі болды, дегенмен бұл тек ПТР тестін тапсырғандар ғана.

Симптомсыз коронавируспен ауыратын науқастар мен байланыста болғандар үшін карантин уақытын қысқартуға мүмкіндік бар. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Жобада карантинді 10 күнге дейін қысқарту көзделген екен.

Бұл ретте науқасқа тестілеуден жетінші тәулікте өтіп және нәтиже теріс болған жағдайда, оған 7 күннен кейін карантинді аяқтап, жұмысқа шығу құқығы беріледі. Уақыт өткен сайын елімізде эпидемиологиялық жағдай нашарлау үстінде, ал мамандар індеттің шарықтау шегі әлі алда екенін айтады.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары: «Көптеген азаматтарымыз оқшаулану талаптарын мүлде ұмытып, өздеріне, отбасыларына және айналасындағыларға қауіп төндіруде. Бұқаралық шараларды өткізуден, барудан бас тарту керек деп ойлаймын».

Қазақстанда соңғы бір айда коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші 20 есеге өсті. Тоғжановтың айтуынша, індеттің дәл бұлай тез таралуына халықтың белсенді ішкі және сыртқы көші-қоны, ұзақ демалыстар себеп болып отыр, оның айтуынша, елдегі өткен толқулар да маңызды рөл атқарды.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары: «Мен әртүрлі дәлелдер мен пікірлерге емес, нақты фактілерге сүйену керек деп ойлаймын. Бүгінгі таңда нақты фактілер біздегі видустың өсу қарқынының дамуы мен күрт шиеленісіп жатқанын дәлелдеуде. Коронавирустың күнделікті өсу қарқыны ең алдымен, «омикрон» штамымен тікелей байланысты».

Тоғжанов омикронды әдеттегі маусымдық вирустық инфекциямен шатастырмауға шақырды. «Омикрон» штаммының ерекшелігі – инфекциясы жоғары және қайта жұқтыру қаупі басымырақ. Таралу коэффициенті 1-ден 5-ке дейін, яғни, ол «дельта» нұсқасына қарағанда 70 есе жылдам көбейеді.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары: «Қазір демалатын уақыт емес, аурудың шыңы әлі алда. Ал індеттік кезеңдегі қайғылы оқиғалардың қайталануын қаламасақ, санитарлық қызметтің нұсқауын бұлжытпай орындауға тиіспіз. Сондықтан, тағы да әрбір қазақстандыққа өз денсаулығына, жақындарының, туыстарының денсаулығына қамқорлық жасап, тез арада екпе алып, қайта егуді ұсынамыз».

Еліміздегі эпидахуалдың өршуі бүгінде денсаулық сақтау жүйесіне үлкен салмақ түсіруде.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары: «Бұл қарапайым, нақты деректер, мысалы, Нұр-Сұлтан үшін: бізде іс жүзінде 200 жұмыс жүктемесі болды. Бүгінгі таңда, ең қысқа мерзімде бізде мыңға жетті. Бұл бес есеге күрт өскенін, денсаулық сақтау жүйесіне үлкен жүктеменің барын көрсетеді. Бұл бүгінде коронавирус дамуының мұндай өсу қарқынында нақты қауіп бар екенін көрсетеді».

Міне, дәл осы себепті елдегі карантиндік шектеулер күшейтілді. Вакцинация мәртебесіне қарамастан, шетелден келген барлық азамат үшін ПТР сынақ нәтижесі теріс болуы міндетті. Бүгінде «Ашық» бағдарламасы бойынша қызметіне «жасыл» мәртебесімен ғана рұқсат етілген нысандардың тізімі кеңейтілген. Халық көп жиналатын нысандарға қосымша шектеулер енгізілді.

Ажар Ғиният, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі: «Бүгінгі күні бүкіл ел бойынша оқшаулауды енгізу жоспарланбаған. Біз қолданып жатқан шектеу шараларының барлығы денсаулық сақтау жүйесіне түсетін салмақпен коронавирустан болатын өлімді азайтуға бағытталған. Инфекцияны жұқтыруға және денсаулық сақтау жүйесінің төмендеуіне жол бермеуге тиіспіз. Болашақта шектеу шаралары әр аймақта, нысандарда эпидемиологиялық жағдайға байланысты дифференциалды түрде қолданылатын болады».

Баспасөз брифингінде Денсаулық сақтау министрлігі Pfizer компаниясының дәрі-дәрмегін ақылы егу мәселесін енді қарастырмайтыны туралы да айтты. Өйткені, елдегі көптеген адам Pfizer-ді ақылы негізде күткен көрінеді. Осы жылдың сәуір айында вакцинаның тағы миллион дозасы Қазақстанға жеткізіледі. Бірақ америкалық екпе тек жасөспірімдерге, жүкті және бала емізетін әйелдерге сонымен қатар 60 жастан асқан адамдарға ғана қол жетімді болмақ.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары: «Pfizer позициясы, вакцинаны ақылы негізде қолданбауды шешті. Қалғандарға біздің вакцинаны ұсынамыз, «Sputnik-V», «QazVac» тиімділігі жағынан еш кем түспейді. Sinopharm вакцинасын Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымы мойындады, онымен шетелге саяхаттауға болады. Сондықтан бүгін тек Pfizer айналасында сөз қозғау менің ойымша, бұл мүлдем дұрыс емес».

Бірақ іс жүзінде кейбір мемлекеттер америкалық екпеден басқа вакцинаны қабылдаған жоқ, яғни, ол жақта Файзерсіз ұшаққа отыру мүмкін емес. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі айтқан QazVac коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинасы әлі тіркелмеген екен.

Ажар Ғиният, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі: «QazVac-ты ДДҰ-да тіркеу үшін арнайы талаптар бар. Ол үшін Қазақстан ДДҰ сарапшыларын келіп, қарап шығуға шақырды. Өткен жылы бұл жоспар жүзеге асып, олар бізге белгілі бір ұсыныстар ұсынған еді. Бүгінгі таңда ұлттық атқарушылық реттеуші тоғыз бағыт бойынша жұмыс істеуде».

Министр 2022 жылдың екінші немесе үшінші тоқсанында Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымы, ұсыныстардың қалай орындалғанын тексеру үшін Қазақстанға тағы да келетінін айтты. Өткен тәулікте Қазақстанда коронавирустың 13 874 жаңа жағдайы анықталған. Ең көп жағдай елордада, Қарағанды облысында және Алматыда тіркелді.

Аида Қарсыбайқызы