ҚР Премьер-Министрі лауазымына Әлихан Смайылов тағайындалды

86

ҚР Премьер-Министрі лауазымына Әлихан Смайылов тағайындалды.  Бүгінгі Мәжіліс отырысына бейнебайланыс арқылы қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Премьер-Министрі лауазымына тағайындауға келісім беру үшін Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасын депутаттардың қарауына ұсынған болатын.

Әлихан Асханұлы Смайылов 1972 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «Қолданбалы математика» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1996 жылы — ҚР Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының мемлекеттік басқару магистрі дәрежесіне ие болды. 1993–1999 жылдары — «А-Инвест» инвестициялық–жекешелендіру қорының бас маманы; бөлім басшысының орынбасары;

ҚР Ұлттық статистика агенттігінің басқарма басшысы; ҚР Статистикалық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары; бас сарапшы, экономика секторының меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет атқарған. 1999–2003 жылдары — ҚР Статистика агенттігінің төрағасы.

2003–2006 жылдары — ҚР Сыртқы істер вице-министрі, «Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы. 2006–2009 жылдары — ҚР қаржы вице-министрі, «ҚазАгро» ҰБХ президенті. 2009–2014 жылдары — ҚР Статистика агенттігінің төрағасы. 2014–2015 жылдары — ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің төрағасы. 2015–2018 жылдары — ҚР Президентінің көмекшісі.

2018 жылғы қыркүйектен бастап 2019 жылғы ақпанға дейін — Қаржы министрі. 2019 жылғы 25 ақпанда Президент Жарлығымен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі қызметіне тағайындалды. 2021 жылы 18 қаңтарда ҚР Президентінің Жарлығымен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болып қайта тағайындалған еді.