Шымкент: Жауын салдарынан көшелерді су басып кетті

216

Шымкентте бірнеше күн бойы толассыз жауған нөсер салдарынан ондаған көшенің ауласын су басып қалды. Күн райының қолайсыздығы жұртты әбігерге салып, қозғалысты қиындатып жіберген. Мамандардың айтуынша, жолды тазартуға арналған техникалар күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Ал бұл мәселе қашан толыққанды шешіледі?

«Қызылжар» шағынауданындағы Арыстан Баб көшесі Шымкенттегі ауласын су басқан жүздеген көшенің бірі ғана. Қазірде толассыз жауған жауын-шашын салдарынан мұндағы тұрғындар үйінен шыға алмай отыр деуге болады. Сондықтан амалдың жоқтығынан тізеден су кешуге мәжбүр.

Жиналғандар су баспанаға кіріп, қора-қопсыны да алып кететінін айтады. Шағымымызды айтып, тиісті мекемелерге барсақ, құрғақ уәдені үйіп-төгіп шығарып салады дейді.

Гүлстан Мұсаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «15 жыл болды, күніміз осы, әр жаққа звондаймыз, айтамыз. Ешкім тыңдамайды, далаға шыға алмаймыз. Қар жауса, лайға батып кетеміз, көрінбейді асты су екені. Өткенде өзіміз водовоз шақырып, тартқыздық. Әрқайсысымыз ақша жинап, тартқыздық, қашанға дейін үйте береміз».

Су басқан көшелер мен жолдарды қаланың көптеген жерден кездестіруге болады. Әсіресе суды әрлі-берлі кешкен жеңіл көліктер үшін жол қозғалысы қиындық туғызуда. Жауаптылар суды соруға арналған техника тәулік бойы жұмыс істеп жатқанымен, ол жеткіліксіз дейді. Сол себепті су алған көшенің бойынан арық жүргізу ісін қолға алатындықтарын айтады.

Оңғар Әбілқайыр, Абай ауданы әкімшілігінің бөлім басшысы: «2022 жылы су алатын 18 көшеге жобалық — сметалық құжаттама әзірлеп, экономика басқармасына ұсындық. Ол қаржылық қолдау тауып, 170 млн. осы жылға қарастырылып отыр. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсына бердік, енді мердігер анықталғаннан кейін осы жылдың көктем айларында құрылыс жұмыстарын бастап 18 нүктені аяқтаймыз».

Жалпы Абай ауданында 60-қа жуық су алып жатқан көше бар. Ондағы аумақты тазарту мақсатында 34 арнайы техника жұмылдырылған.

Әлихан Файызхан