Шымкентте жаппай тәртіпсіздіктердің 57 қатысушысы абақтыға қамалды

161

Шымкент қаласында орын алған жаппай тәртіпсіздік сәтінен бастап 3 520 адам Полиция департаментіне жеткізіліп, бүгінгі күні 261 құқық бұзушылық анықталды. Ол азаматтардың 223-і бойынша қамауға алу, 19-на айыппұл салу және 19-на ескерту беру туралы шешім қабылданды.

Барлық қозғалған қылмыстық істер бойынша жаппай тәртіпсіздіктердің 57 қатысушысы абақтыға қамалды. Күдіктілерден 6 патроны бар калибрі 16 мм шолақ мылтық, 9 мм жауынгерлік калибрге қайта жасалған 1 травматикалық тапанша 5 патронымен, калибрі 7,62 мм 67 жауынгерлік патрон және калибрі 5,45 мм 3 жауынгерлік патрон, сондай-ақ тәртіпсіздіктер кезінде Алматы облысының «Аппорт» сауда орталығынан ұрланған 23 дана «Айфон 11-ПРО» маркалы және «Самсунг а-25» маркалы 3 телефон тәркіленді.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде полиция қызметкерлері арасынан 48 қызметкер әртүрлі жарақаттар алып, зақымданған 91 автокөліктің ішінде 8-і өртенді.