Тыныштық қамтамасыз еткен қызметкерлерге 150 мың теңге сыйақы беріледі

73

Дүрбелең кезінде ел тыныштығын қамтамасыз еткен қызметкерлерге 150 мың теңге сыйақы беріледі. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысында мәлімдеді. Сонымен қатар, курсанттар мен әскерилерге де сыйдан құр қалмайды. Сондай-ақ, оқиға кезінде қайтыс болған сарбаздардың отбасына жан-жақты көмек көрсетіледі деді министр.

150 мың теңге. Бұл жаппай тәртіпсіздік орын алған кезде құқықтық тәртіпті қамтамасыз еткен қызметкерлерге берілетін сыйақының мөлшері. Үкімет отырысында осылай деп баяндаған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев курсанттар мен әскерилер де назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі: «Отанды сүюге, қызметтік міндетке адал болуға тәрбиелеу бойынша іс-шаралар жоспары бар. Қиындыққа шыдау, төзімділік бойынша арнайы тренигтер ұйымдастырылды. Сонымен бірге, ынталандыру, қызметкерлердің еңбегін бағалау тұрақты жүзеге асырылады. Мысалы, төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз еткен қызметкерлерге 150 мың теңге, курсанттар мен әскерилерге бағалы сыйлықтар беріледі. Жалпы, жеке құрам қауіпсіздікті қамтамасыз етуге толық дайын».

Сондай-ақ, қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің отбасына барынша көмек көрсетіледі. Министр біржолғы өтемақы төлеу мәселесіне тоқталды.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі: «Жақында қаңтарда террористер қолынан полиция мен «Ұлттық ұланның» 8 қызметкері қайтыс болды, 2911-і жарақат алды. Ерлікпен қаза болғандар 2-ші және 3-ші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Олардың отбасына жан-жақты қолдау көрсетілуде. Одан бөлек, заң бойынша қызмет міндетін атқару барысында қайтыс болған қызметкердің отбасына 5 жылдық қызметтік қаржысы және жерлеу үшін 3 айлық өтемақы төленеді».

Айтулы мәселеге қатысты қала тұрғындарының ойы екіге бөлінді. Кейбірі бұл шешімді қолдаса, енді бірі сарбаздар одан да үлкен құрметке лайық деп есептейді.

«Менің ойымша, 150 мыңнан көбірек берілген дұрыс. Себебі, ең басты құндылық адам өмірі деп ойлаймын. Және қаза болғанның отбасыларына қолдан келгенше көмек берген дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, Асхат Аймағамбетов айтты, оқушы балаларын грантқа түсіреміз деп. Одан бөлек квартирамен қамтамасыз етуге болады. Балабақшаны да тегін қамтамасыз етуге болады деп ойлаймын», дейді қала тұрғыны.

Министр Ерлан Тұрғымбаев әскерилердің қалтқысыз еңбегі әрқашан назарда болып, тұрақты түрде бағаланатын болады деді.

Әлихан Файызхан