Бүгін «Құрманғазы атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебі» КММ орналасқан қазандықта жарылыс орын алып, салдарынан 07.11.1963 жылғы мектептің от жағушысы Құлыншақов Мұратбек Әлімтайұлы қайтыс болды. Бұл туралы Сайрам ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
2022 жылғы 15 ақпан күні 8 сағат 25 минут шамасында Сайрам ауданының Төтенше жағдайлар басқармасына Қайнарбұлақ ауыл округі, Ошақты ауылы, Т.Рысқұлов көшесі №19 А мекенжайда орналасқан «Құрманғазы атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебі» КММ орналасқан қазандықта жарылыс оқиғасы орын алғандығы жөнінде хабар келіп түсті.
Оқиға орнына Сайрам ауданының Төтенше жағдайлар басқармасынан 3 қызметкер, 1 техника, Полиция басқармасының тергеу тобы, Жедел жәрдем бригадасы 3 қызметкер 1 техника, Прокуратурадан 2 қызметкер 1 техника, жергілікті атқарушы органнан 3 қызметкер, 1 техника жұмылдырылды.
Жылыту қазандықтың төлқұжаты:
— СТ ТОО 385919200001-01-2006
— Шыққан жылы: 2021 жылғы желтоқсан айы
— Модель: КСВР-0,2
— Завод нөмірі: №990
Жылыту қазандық ғимараты:
— 2014 жылы соғылған
— көлемі 5х4 шаршы метрді құрайды.
— Қабырғасы кірпіштен, төбе жаппасы плита бетонмен жабылған.
— Қазандық ішінде 2 дана котел қатты отынмен (көмір) жылытылады.
— Қазандыққа 220 В электр тоғы жүргізілген.
— Қазандық мектептен 20 метр арақашықтықта орналасқан.
— Жарылыс салдарынан мектеп ғимаратына ешқандай зиян келмеген.
Қазіргі таңда аудандық полиция басқармасының қызметкерлерімен тергеу амалдары жүргізіліп, сот медициналық сараптама тағайындалды.
Мөлдір Ибадуллаева