Енді Шымкент автоХҚО-ларында жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан тапсыру кезінде биометрия жүйесі қолданылады. Яғни, осы жүйе арқылы адамның бірегей дербес деректерін бет-жүзі арқылы тану. Бұл бөгде адамдардың емтихан тапсыруын болдырмауға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
«Биометрия жүйесі – мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы жаңа үрдіс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді құралы. Жыл сайын жүргізуші куәлігіне сұраныс артып келеді. Сондықтан біз бұл процесті барынша ашық етуге мүдделіміз. Жыл басынан бері 12 мыңға жуық адам жүргізуші куәлігін алуға және мерзімі аяқталуына байланысты ауыстыруға өтініш білдірген», — деді «Азаматтарға арналған үкімет» Шымкент қаласы бойынша филиал директоры Данабек Исабеков.
Жүргізуші куәлігін алу үшін 073 нысанындағы медициналық анықтаманы ұсыну қажеттігін естеріңізге саламыз. Шымкенттіктер медициналық тексерістен автоХҚО ғимаратында өте алады, онда бұл үшін арнайы медицина кабинеті, сондай-ақ психиатр мен наркологтың кабинеті жұмыс істейді.
Үміткер жүргізуші куәлігін алғаш рет алу үшін екі емтихан тапсыруы керек – теориялық және практикалық. Теориялық емтихан 40 сұрақтан тұрады, оған кемінде 32 дұрыс жауап берілуі қажет. Ал практикалық емтихан автодромда 12 жаттығудан тұрады. Әрбір үміткердің емтиханды 3 ретке дейін тапсыру мүмкіндігі бар. Үшеуі де сәтсіз болған жағдайда, кандидат келесі емтиханға соңғы емтихан өткізілген күннен бастап алты айдан кейін ғана жіберіледі.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласында үш Мамандандырылған ХҚО жұмыс істейді, олардың екеуінде автодром бар.