Суық баспананы көбікпен жамап, жылытуда

124

Тұран-2 шағын ауданында көпқабатты үйлерден мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алған жұрт баспанамыз суық әрі сапасыз дейді. Өйткені жел соқса, үй іші гуілдеп, ал жаңбыр жауса төбеден су ағады. Ал саңлауы көп үйлерді жылыту үшін, енді шенеуніктер тесіктерге көбік құйып жатқан көрінеді.

 

Тұран-2 шағын ауданындағы көпқабатты үйлерден пәтер алу үшін жұрт көптеген жыл кезекте тұрған. “Шаңырақ” бағдарламасымен бірнеше ай бұрын ғана баспаналы болғандар енді өкініп жүр. Себебі, үйлер өте сапасыз салынған дейді. Тұрғындардың көпшілігі көшіп келгелі жөндеу жұмысынан көз ашпаған көрінеді.

Ақтолқын Құралбай, Шымкент қаласының тұрғыны: «Үш айдан бері жөндеуден шаршадым. Ана жерін түртсем, мына жері құлайды, мына жерін түртсем, ана жері.  Мен жөндеуден көз ашып жатқан жоқпын. Үш айдан бері есіктерімді тіпті сүртуге қорқамын. Сүртсем, бояуы ағады. Бұндай есіктерді қандай басшы қабылдап алғанын түсінбеймін. Линолеум жамау, есіктерім шұрқ-тесік».

Баспанасын мемлекеттік бағдарлама арқылы алып, ақысын ай сайын төлеп жатса да, үйлері суық болған соң, көпшілігі қоныстанбаған да екен. Қаңырап тұрған пәтерлердің су өтіп жатқан жерлері де бар. Ал басқа барар жері жоқ жандар қосымша электр жылытқыштарын қосып шығындалып жатырмыз деп налиды.

Гүлнұр Көлбай, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бізге үй 12 млн. 180 мыңға екі бөлме шығып тұр. Ай сайын мен 95 мыңдай төлемақым бар. 14 жыл бойы бойы мен сонда жарықтың ақшасын төлеймін бе, ипотеканың ақшасын төлеймін бе? Не сапа болмаса, не жылу болмаса! Үйге келгенде рахаттанбасаң, аяқ-қолың көсіліп. Ол үй менің 20 жылда зорға жеткен үйім».

Үйлердің ауласы құрылыс қоқысынан аяқ алып жүргісіз. Бұл бүгін тұрғындар шулаған соң біраз ретке келтірген түрі екен. Ал әу баста тұрғындарға айтылған жоба мен салыстырғанда қазіргі автотұрақ пен ойын алаңшасы мүлдем сай емес көрінеді.

Оспан Әбиев, Шымкент қаласы құрылыс басқармасының бөлім басшысы: «Арттарыңызға қарайтын болсаңыз, қазір тесіктерді жамап жатыр. Жаңағы уәждерді айтып жатыр ғой, оларды жамап жатырмыз.

-Тесіктерге көбік құйып жатқанды айтасыз ба?

-Иә.

-Сол арқылы жылу мәселесін шешіп тастайсыздар ғой? Жел кірмеу мәселесін.

-Енді қатарынан мұздай ауа кірмесе, жылу да сақталады ғой».

Шенеуніктердің пәрменімен бүгіннен бастап тоғыз қабатты үйлердің әр тесігі көбікпен бітеліп жатыр. Осылайша тұрғындар тезірек «жылынатын» көрінеді. Бірақ жылудан емес, ашудан қаны қайнаған тұрғындар жергілікті әкімдерден көңілі қалып, құзырлы орындарға хат жолдапты.