«WhatsApp арқылы 2 млн. теңге қолды еткен»: 5 облысты сан соқтырып жүрген әйел ұсталды

179

Түркістандық әйел 5 облыстың халқын тақырға отырғызып келген. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, алаяқ жалпы саны 17 тұрғыннна 2 миллионға жуық ақша алған. 

Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын әйел алаяқтықтың құрбаны болғанын айтып арызданған. Сөзінше, танымайтын әйел WhatsApp арқылы “Криптовалюта” атты топ құрып, ақшаңды еселеп беремін деп сендірген көрінеді. Алайда, ақшасын қайтармай қойыпты. Алаяқ жәбірленушіден бас-аяғы 200 мың теңгеге жуық ақша алған.

Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша тіркеп, жедел жұмыстарды жүргізді. Яғни, әлеуметтік желілердегі жалған жарнамалар мен банктік есепшоттарды тексерді.

Жәбірленушіден жауап алу арқылы алаяқтың әрбір ісіне болжам жасап, анықтау жұмыстарын күшейтті. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде күдікті әйел тәулік ішінде анықталды. Ол 30 жастағы Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты.
Тексеру амалдары кезінде алаяқ әйелдің бұдан бөлек 17 тұрғынды осындай жолмен алдап, ақшаларын алғаны анықталды.

Алаяқтың құрбандары – Түркістан, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының тұрғындары. Олар азаматшаның жалған сөзіне сеніп, бірнеше реттен 5 000 – 200 000 теңге аралығындағы ақшаларын аударып отырған.

Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі – 2 миллионнан асады. Қазіргі уақытта күдікті әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданды.

                                                                                           Мөлдір Ибадуллаева