Ыстанбұлда «Жаңа Қазақстан» тақырыбында жиын өтті

47

2022 жылдың қаңтарында Қазақстанда орын алған және бүкіл әлемдегі, оның ішінде Түркиядағы қоғамдық пікірді алаңдатқан оқиғалар еліміз үшін жаңа дәуірдің бастауына айналды. Осы үдерісті түрік жұртшылығына түсіндіру мақсатында Ыстанбұлда «Еуразия Бір» қоры және Қазақстан Республикасының Ыстанбұлдағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен «Қазақстан достарымен «Жаңа кезеңдегі Қазақстан» тақырыбында кездесу» атты іс-шара өтті.

Түркияның алғашқы және ең іргелі сараптама орталықтарының бірі саналатын Еуразия стратегиялық зерттеулер орталығында (ASAM) өткен шараға Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Әлім Байел, «Еуразия Бір» қорының президенті Шабан Гүлбахар, ғалымдар мен зерттеушілер, үкіметтік емес ұйымдар, сараптамалық орталықтар және БАҚ өкілдері қатысты.

Бас консул Ә. Байел кездесуде Қазақстанда жүзеге асырылуы жоспарланған реформалар туралы мәлімет бере отырып, еліміздің алдағы кезеңге үлкен үмітпен қарап отырғанын атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды көркейтуге бағытталған даму бағдарламасын жүзеге асыруға уәде бергенін айтқан Ә. Байел күтіліп отырған өзгерістер туралы ақпарат берді.

Белгілі болғандай, Президент Қ. Тоқаев бейбіт басталған наразылық акцияларының кейбір күштердің арандатуы және бағыттауымен тәртіпсіздік пен тонауға ұласқанын мәлімдеген болатын. Қазақстан Президенті Қаңтар оқиғаларының басты себептерінің бірі әлеуметтік әділетсіздік екенін айтып, Қазақстан байлығының шектеулі топтардың қолында шоғырлануына жол беруге болмайтынын баса атап өткен. Қ. Тоқаев олигархиялық жүйенің өзгеретінін, экономикалық мүмкіндіктер мен қаржылық ресурстарға әділ және инклюзивті қолжетімділіктің қамтамасыз етілетінін мәлімдеді. Осы шаралардың аясында «Қазақстан халқына» қоры құрылып, оған кәсіпкерлер мен ірі компаниялардың қаражат бөлуі арқылы әлеуметтік жобалар жүзеге асырылатын болады.

Қазақстан Президенті заң үстемдігінің маңыздылығын айта отырып, бейберекеттік пен тәртіпсіздіктерге жол берілмейтінін және биліктің тұрақты келісім мен тыныштық үшін қызмет ететінін мәлімдеді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен күреске де тың серпін берілуде. Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында жаңа саяси реформаларды жариялайды деп күтілуде.

Жиынға қатысушылар Қазақстанның 30 жылда толайым табыстарға жетіп, тәуелсіздігін нығайтқанын айтты. Әйгілі тарихшы, профессор Ахмет Ташағыл қазақ халқының түркілік қасиеттерді сақтап қалғанын, ал Қазақстанның күллі Түркі әлемінің қара шаңырағы екенін еске салды. Қазақстанның бейбіт және салиқалы сыртқы саясатын ерекше атап өткен қатысушылар бұл стратегия жаңа кезеңде де жалғасын табады деген сенім білдірді.

Бас консул Ә. Байел Қазақстан билігінің сындарлы және көпвекторлы сыртқы саясатты ұстана беретінін атап өтті. Осы ретте Түркия және Түркі әлемімен қарым-қатынастардың басымдықтардың бірі екенін айтқан Ә.Байел қазақ-түрік ынтымақтастығында қол жеткізілген табыстар мен Түркі мемлекеттерінің ұйымы аясындағы соңғы қадамдарға тоқталды. Өз кезегінде «Еуразия Бір» қорының президенті Ш. Гүлбахар Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан Түркі әлемі жаңа кезеңде сындарлы рөл атқару үшін бірлік пен ортақтаса жұмыс істеудің қажет екенін мәлімдеді.

Сөзінің жалғасында Ә. Байел Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты қарым-қатынастың стратегиялық әріптестік деңгейінде дамып жатқанын еске салды. Түркиямен ынтымақтастықтың жыл өткен сайын дамып келе жатқанына тоқталған Бас консул екіжақты сауда көлемінің 2021 жылы 4,1 миллиард долларға жеткенін, мұның Тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық көрсеткіш екенін атап өтті. Осы ретте Түркия Қазақстанның сауда серіктестері арасындағы 9-шы орыннан көтеріліп, Ресей, Қытай, Италия және Нидерландыдан кейінгі 5-ші орынды иемденіп отыр.

Сонымен қатар, кездесуде Түркияның соңғы жылдары Қазақстанға тікелей шетелдік инвестиция салып жатқан елдер арасында үлкен белсенділік танытып жатқаны айтылды. Соңғы үш жыл қатарынан Түркия Қазақстанға салған тікелей шетелдік инвестиция бойынша рекорд жаңартып келеді. 2019 жылы 358 миллион доллар, 2020 жылы 363 миллион долларды құраған инвестициялар 2021 жылдың алғашқы 9 айында ғана 535 миллион доллар деңгейіне жеткен.

Кездесуде сұрақ қойып, өз пікірлерін білдірген қатысушылар Қазақстанның Түркі әлемінің беломыртқасы екенін айтып, еліміздің барлық қиындықтарды еңсеретініне сенім білдірді.