Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының Әл- Фараби ауданы бойынша бөлімшесі Қырғы базар алдында бос жұмыс орны жәрмеңкесін ұйымдастырды. Үкіметтің «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі ұлттық жоба аясында жұмыссыздық санын азайту мақсатында қолға алынған әс-шараға қала тұрғындарынан бөлек ауылдағы ағайындар да қатысты.
Шымкентте жұмыссыз жүрген жастарға арналған «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жұмыспен қамту орталығының мамандары іс шара барысында Жастар практикасы, алғашқы жұмыс орны, әлеуметтік жұмыс орны, қоғамдық жұмыс сияқты жобалармен келушілерді таныстырып, жұмысқа орналасуына ықпал жасады.
Бақытжан Жүнісбеков, тұрғын: «Жұмыс іздеп жүрмін. Бәйдібек ауданының тумасымын. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі болады дегенді естіп келдім. Қазір барлығын көріп біліп сосын таңдаймын».
Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Жастар практикасы» бағдарламасының мерзімі 12 айға, ал жалақысы 30 АЕК-дейін және «Алғашқы жұмыс орны» жобасының мерзімі 18 айға, жалақы мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішке дейін көтерілді.
Ұлжан Төлен, Жастар ресурстық орталығының маманы: «Іс- шараны Әл-Фараби аудандық жұмыспен қамту бөлімі ұйымдастырған. Біз жастар ресурстық орталығынан болғандықтан жастарды жұмысқа орналастыруға қолдау көрсетіп жатырмыз. Мұндай жәрмеңкелер барлық аудандарда өтіп жатыр».
Жастардан бөлек, бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде ұсынылған мүмкіндіктерді орта буын өкілдері де пайдалануға ынталы.
Сәуле Есалы, қала тұрғыны: «Өз кәсбімді ашпақпын. Ауылда құлпынай, бүлдірген екпекпін, соған қаржылай қолдау керек. Бағдарлама бар дейді грант беретін жұмыспен қамту орталығына шақырды тіркелуге».
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр 35 207 адам жұмыспен қамту шарасына қатысты. Олардың 2 675-і тегін кәсіби оқуға жолданса, 3 мың адамға кәсіпкерлік қолдау көрсетілді, 2 мыңнан астам жерлесіміз -«Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, 59 адам шағын несие алды, 786 адамға мемлекеттік грант берілді.
30 мыңға жуық адам тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жолданды: 2 578 жастар практикасы, 351 адам әлеуметтік жұмыс орындары, 3064 қоғамдық жұмыс, 118 адам «Алғашқы жұмыс орындары, 23421 адам бос және жаңа жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды.
Шынар Оразова