Úı ANONS Прокурор қарт әкесін қинаған Садақбаевты 6 жыл 2 айға қамауды сұрады

Прокурор қарт әкесін қинаған Садақбаевты 6 жыл 2 айға қамауды сұрады

Бүгін прокурор соттан Түркістан облысы Шардара ауданы Қоссейіт ауылында өз әкесін ұрып-соғып, қинаған Алмас Садақбаевты 6 жыл 2 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы кінәсін толық мойындап, бауырларымен бірге көпшіліктен кешірім сұрады. Ол әкесін қинап, денсаулығына қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтірді деп айыпталып отыр.

Өз әкесін қан-жоса етіп ұрып-соғып, азаптап жатқан видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарап, жұртты шошытқан Алмас Садақбаевтың сот процесі әлі де жалғасып жатыр. Бұл жолғы жарыссөзде сотталушы халықтан кешірім сұрап, жасаған ісіне өкінетінін айтты.

Алайда Жетісай аудандық сотында прокурор 41 жастағы Алмас Садақбаевты Қылмыстық кодекстің «Қинау» және «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» баптары бойынша кінәлі деп танып, оны 6 жыл 2 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Мемлекеттік айыптаушы сот тергеуінде айыпталушының кінәсі толық дәлелденді деп есептейді.

АЛМАС ӘЛИ, ШАРДАРА АУДАНЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ: «Сотталушы Садақбаев Алмас Есіпкеповичті Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігі, 4-тармағымен кінәлі деп танып…. тағайындауды сұраймын».

Жарыссөз барысында жәбірленушінің заңды өкілі әрі сотталушының туған інісі Батыр Садақбаев сөз сөйледі. Ол әуелі не айтарын білмей біраз кідіріп, кейін әкесін қинаған ағасын қатаң жауапқа тартуды сұрады. Айтуынша, видео әлеуметтік желіге тарағаннан кейін отбасы мүшелері ел бетіне қарай алмай қалған. Сондықтан ол жазадан бөлек, бейнежазбаны таратқан азаматтардан моральдық шығын өндіруді талап етті.
Ал сотталушы Алмас Садақбаев пен оның қорғаушысы тағайындалатын жазаны жеңілдетуді сұрады.

АЛМАС САДАҚБАЕВ, АЙЫПТАЛУШЫ: «Өзім шын өкінемін. Сынақ берген бір Алла… өтінем».

Сотталушы жарыссөз барысында бауырларымен бірге көпшіліктен кешірім сұрады. Оның бірінші некеден үш, екінші некеден екі баласы бар екені белгілі болды. Өзінің отбасындағы жалғыз асыраушы екенін, бұған дейін жалдамалы пәтерде тұрғанын, ал қазіргі үйінің несиеге алынғанын айтты. Сот сотталушының соңғы сөзін ертеңге қалдырды.

Айта кетейік, 41 жастағы Алмас Садақбаевқа 70 жастағы мүгедек әкесін тірі кезінде бірнеше рет ұрып-соғып, қинады деген айып тағылған. Ол өткен жылдың тамыз айында дәрменсіз күйдегі әкесін кемінде үш рет соққыға жыққан. Тергеу дерегінше, қарт әкесінің дәретке өздігінен шыға алмайтынына ашуланып, оған күш қолданған. Қатігез әрекеттер көрші үйдің қыздары тарапынан жасырын түрде видеоға түсіріліп, кейін әлеуметтік желіге тараған.

Дилара Иса